$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Құрғақ сөз, жалған уәде: Алматы облысындағы Қарғалы жұрты тағы дүрлікті

Ауыл әкімі «коммуналдық игілігі жоқ жерден үйді алған» тұрғындарды кінәлады

Құрғақ сөз, жалған уәде: Алматы облысындағы Қарғалы жұрты тағы дүрлікті
фото: almaty.tv

Алматы облысындағы Қарғалы жұрты тағы дүрлікті. Айтуларынша шенеуніктер осыдан 5 ай бұрын ауылдағы бірнеше көшеге қиыршық тас төсеп, Бесмойнақ көшесіне келер жылы асфальт салып береміз деп уәде еткен. Алайда бұл жұмыс келер жылдың жоспарына де енгізілмеген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.

Биыл күзде сметалық құжаты жасалады деп сендірген.

Сиқы бұзылған көшелерде еш өзгеріс жоқ. Ойқыш-ұйқыш жолды «тегістеп, реттеп береміз» деп көктемде айтылған уәде орындалмады. Бесмойнақ көшесін алдағы жылы жасаймыз деген шенділер, көшені жасамақ түгілі келер жылдың жоспарына да енгізбепті.

«Сіздерге өтірік айтпай-ақ қояйық, 2023 жылғы жоспарға енгізуге жұмыс істейміз. Көктем, жазға жақын уақытта. Сол кезде асфальт төсегенге ыңғайлы болады», – деді Жамбыл ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Ибраимов.

Жауаптылардың сөзіне сенген жұрттың көңілі тынышталғандай еді. Алайда көшенің жоспарға енбегенін жуырда естіген елдің үміті қайта сөнген.

«Сметалық құжаттың  суретін түсіріп жіберді. Ішінде біздің көше жоқ. Көктемде жасаймыз, қатырамыз деген. Мына грейдер жүргізіп жолдарыңды жөндейміз деп. Айтты, содан кейін ештеңе жоқ», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Руслан Нүсіпбаев.

«Жаңбыр жауса балшық, баланың бәрі аяғын бүлдіріп келеді. Екі аяқ киім алып баруға бұл жердегі халықтың жағдайы келмейді. Жаңа мектеп түседі деп айтты. Ол да әлі жоқ. Құры уәдені береді. Бір орындалғанын көрмейміз. Әкім ауысты, жаңа әкімді көрген жоқпыз. Орталықтан  өзіне қарасты адамдарды шақырып алады. Отырып солармен ақыладасады. Осы жермен жүріп көрсе, мына жердегі халықтың жағдайын түсінеді деп ойлаймын», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Мақпал Сермаханова.

Жолдан өзге ауылда түйткіл көп. Оқуға жіберген баланы кешке жанымызды шүберекке түйіп күтіп аламыз дейді тұрғындар. Өйткені жарық жоқ, ал айналаны қаңғыған ит қаптаған.

«Бір айдан кейін тез қараңғы түседі. Жарық жоқ, жолдың сиқы мынау. Мектептің алдында кеште отырамыз, айналада ит көп», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Зизаддин Қазаев.

Орынбасарлары оңдыра қоймаған мәселенің шешімін бүгін халық ауыл әкімінен сұрауға бекініп, әкімдікке бір-ақ барды.

Әкім Бесмойнақ көшесінің мәселесін білеміз, коммуналдық игілігі жоқ жерден үйді алған өздеріңіз, бұлай шулауға жол болсынның кейпін танытты. Жаңа массив болғандықтан ол жаққа алдымен су тартылады, оның өзі толық аяқталмаған. Асфальт су бәріне тартылған соң төселеді, жарық жол жасалған соң жағылады.

«Алла бұйырса, еліміз, жұртымыз аман болса, қазақ елінде тыныштық болса, Президентіміз аман болса бәрі жасалады. Неге жасалмайды? Өмірден түңілуге болмайды ғой. Енді мен бүгін-ертең деп айта алмаймын. Келесі жылы, келесі жылы болмаса арғы жылы жасалады», – деді Қарғалы ауылдық округінің әкімі Қуаныш Наметов.

Сөйтіп ауыл әкімі жолдың әйтеуір бір жөнделетінін айтып, тіпті оған еш шүбә болмасын деп былқ етпеді. Ал ол күннің қашан туары беймәлім.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы облысы