Министр телефон алаяқтарына қарсы қандай шаралар қолға алынғанын айтты
Бағдат Мусин ұялы телефон нөміріне биометриялық сәйкестендіру енгізілетінін мәлімдеді
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин телефон алаяқтарымен күресте қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy
«Бір адамның атына бірнеше нөмір тіркелген соң, ол нөмірлерді шетелге алып кетіп, алаяқтық мақсаттарға пайдаланатын жағдайлар кездеседі. Қазіргі кезде мұндай әрекеттердің алдын алу үшін техникалық тұрғыдан түрлі шара қарастырылып жатыр. Электронды үкімет сайтында кей банк жеке тұлғаның биометриялық сәйкестендіруін қолданады. Біз сол тәсілді ұялы телефон нөмірлерін тіркеу кезінде де қолдануға болатындай заңнамалық өзгерістер енгізсек дейміз», - деді Бағдат Мусин.
Министрдің айтуынша, осылайша, меншік иесін жауапқа тартып, алаяқтық әрекетінің жолын кесуге болады. Осы мақсатта байланыс операторларымен бірлесіп ауыстырылатын нөмірлерді бұғаттау жұмыстарын жүргізіліп жатыр.
«Мәселен, шетелден қоңырау соғылғанда, ол кәдімгі біздің елдің нөмірі ретінде көрініп тұрады. Яғни, роумингте біздің телефон нөмірімізді көрсетіп телефон шала береді. Бұл – алаяқтықтың жаңа түрі. Шын мәнінде, кез келген алаяқтық заңбұзушылыққа жататындықтан, құқық қорғау органдары тиісті шараларды қабылдап жатыр. Қазір роумингтен келетін қоңырауларға тосқауыл қою тұрғысынан байланыс операторларымен жұмыс істеп жатырмыз. Меморандумға қол қойылды, белгілі бір технологияларды тестілеу жүргізілді. Екі оператордың дайындығы жақсы. Үшінші операторда сатып алу процесі жұріп жатыр. Біз оларға ықпал ете алмаймыз, өйткені олар – жеке операторлар. Олар тиісті жұмыстарды жүргізген соң, біз жаңа тәсіл енгізетін боламыз», - деді Б. Мусин.