$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарағандылық тұрғындар малдарын шетінен атып жатқан фермердің үстінен арыз жазды

Қожалық иесі малды қырғанымен қоймай, адамдарға да қол жұмсайды екен

Қарағандылық тұрғындар малдарын шетінен атып жатқан фермердің үстінен арыз жазды
Фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына қарасты Тұзды ауылының тұрғындары егіс алқабына кіріп кеткен малды шетінен атып жатқан фермердің үстінен полицияға арыз жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Тұзды ауылының тұрғындарының басым бөлігі банктерден несие алып, ол қаражатқа мал сатып алып күн көріп отыр. Солардың бірі Мырзабек Жабай жылқы мен сиыр өсіру үшін банктен 3 миллион теңге кредит алған. Жуырда егін алқабына тұяғы тиген биесін белгісіз біреулер атып тастаған.

«Жылқымды кешкілік сағат 19.30 шамасында қайырып кеткенмін. Жарты сағаттың аралығында осында оралсам, биемді біреу атып тастапты. Өлген малымның жанында оқтар жатыр. Осы жерде байлап, сауып отырған бием. Ары қарай да малымызды осылай қыра берсе, біз қалай өмір сүреміз, қалай күн көреміз?!», - деп налып отыр Тұзды ауылының тұрғыны Мырзабек Жабай.

Жергілікті халықтың айтуынша, ауылдағы шаруа қожалығының иесі егістік алқабына кіріп кеткен малды ол емес, аңшылар атуы мүмкін деп жауап берген.

Алайда, тұрғындар қожалық иесі малды қырғанымен қоймай, адамдарға да қол жұмсайтынын айтып отыр.

«Ферманың қожайыны өзі келіп «Нивамен» соғады немесе мылтықпен атамын деп қорқытады. Сонда ол адамға заң жоқ па деп таңғаламыз. Малды ойына келсе, өлтіре береді. Биылдың өзінде 3-4 жылқы өлді. Қырылған бұзаудың саны жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Мелтай Зартхан.

Жергілікті билік бұл мәселеге қатысты ешкімнен ресми шағым түспегенін айтып отыр.

«Енді бұл жағдайда өз бетінше шешім қабылдап, тергеусіз сот жүргізгенге ұқсайды. Ол малды қалай атқанын айта алмаймын. Дегенмен, бұл дерек дәлелденді. Ол жазасыз қалмайды. Мәселені халықпен бірге бақылауға аламыз. Күнде оны қадағалаймыз. Енді қайталанбас үшін қолымыздан келгенін жасаймыз», - дейді Тұзды ауылының әкімі Индира Оспанова.

Атылған биенің өкпесінен алынған оқ дәлел ретінде жергілікті полицияға жіберілді. Оқиға тергеуге алынады.

Серіктес жаңалықтары