«Бізге көмектескендеріңіз үшін ризамыз, ұзақ ғұмыр тілейміз!»: Әуликөл тұрғындары өрт сөндірушілерге алғыс айтты

Azattyq Rýhy

224 техникасы, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы мен 2193 адам жұмылдырылған

«Бізге көмектескендеріңіз үшін ризамыз, ұзақ ғұмыр тілейміз!»: Әуликөл тұрғындары өрт сөндірушілерге алғыс айтты

Қостанай облысында орман өртінен басталып, елді мекендерге таралған қызыл жалынды уақытында ауыздықтаған өрт сөндіру қызметкерлеріне деген Қостанай тұрғындарының алғысы ерекше. Тілсіз жаумен күресте алдыңғы шепте жүрген өрт сөндірушілердің ерлігін қостанайлықтар жарыса жазуда. Тұрғындар желіде өрт сөндіру қызметкерлеріне алғыс айтып түрлі бейнежазбалар жариялап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Видеода өңірдегі өртті сөндіріп, астанаға қайтып бара жатқан өрт сөндірушілерді көруге болады.

«Қаладан астанаға қарай бүгін 10 шақты өрт сөндіру көліктері өтті. Рас айтамын жылап жібере жаздадым. Олардың кетіп бара жатқанын көру қандай қуаныш! Міне тағы да бір-екі көлік келе жатыр. Жолдарың болсын, аман-есен жетіңдер! Алла бақытты, ұзақ ғұмыр нәсіп етсін. Бізге көмектескендеріңізге көп рақмет, мың алғыс! Біз сіздерге ризамыз. Жап-жас біреудің баласы, біреудің ағасы. Жолдарың болсын, айналайындар. Еңбектеріңнің жемісін көріңдер! Бізге көмектескендеріңіз үшін ризамыз, ұзақ ғұмыр тілейміз!» - деп көзіне жас алды қостанайлық тұрғындардың бірі.

Айта кетейік, Әулиекөл ауданындағы өртті сөндіруге ТЖМ, ІІМ, ҰҰ және Қорғаныс министрлігінің 224 техникасы, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы мен 2193 адам жұмылдырылған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.