Қордайда соққыға жығылған ақсақалға ота жасалды

79 жастағы Төлеген Құдашбаев әлі де жансақтау бөлімінде жатыр

Қордайда соққыға жығылған ақсақалға ота жасалды

Жамбыл облысы Қордай ауданында екі баласымен бірге соққыға жығылған ақсақалға 11 ақпан күні операция жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы қарияның туысқандары хабарлады. Операция сәтті өткен. Дегенмен, 79 жастағы Төлеген Құдашбаев әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.

Жасы келіп қалған және демікпесі болғандықтан, дәрігерлер қарияны тағы бір күн бақылауда ұстауды ұйғарған. Барлығы жақсы болса, ертең жалпы бөлімге ауыстырылмақ.

Айта кетсек, 5 ақпан күні соққыға жығылып, жамбасы сынған ақсақал Қордайдағы ауруханадан кеше Алматыға ауыстырылған болатын.

«Аталарыңның жағдайы қазір орташа. Жансақтау бөлімінде оттегімен жатыр. Жамбасына шеге қағып, операция жасап шықты. Дәрігерлерге мың да бір рақмет. Екі баламның біреуінің миы шайқалған. Бүгін үйге апарып, жанымыздағы дәрігерлерге ине салдырамыз деді», – дейді Төлеген Құдашбаевтың жары Зура Құдашбаева.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.