$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әлем бойынша 244 млн бала мектепке бармаған

Биыл сабаққа бармағандардың көбі Африкада тұратын ұл-қыздар

Әлем бойынша 244 млн бала мектепке бармаған
Фото ашық дереккөзден

Әлем бойынша 244 млн бала мектепке бармаған. Биыл сабаққа бармағандардың көбі Африкада тұратын ұл-қыздар. Құрлықтағы 98 миллион бала білім алу мүмкіндігінен айырылған. Бұл туралы ЮНИСЕФ өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Бір елде қарулы қақтығыс жалғасып жатса, енді басқасын аштық жайлаған. Сондықтан жейтін нан таба алмай отырған балалардың оқу туралы ойлайтын мұршасы да жоқ. Ал Нигерияда батыс үлгісіндегі білім беруге қарсы "Боко Харам" содырлары мектептерге жиі шабуыл жасайды. Сондықтан ата-аналар ұл-қыздарының амандығы үшін алаңдап, оларды оқытпайды. Орталық және Шығыс Азиядағы ахуал да мәз емес. Мұнда кәмелетке толмаған 85 миллион адам биыл сабаққа бармады. Мұнда мәселен Үндістан мен Пәкістан секілді елдерде балалар ерте есейіп, мектептің орнына аш қалмау үшін жұмыс істеуге мәжбүр.

ЮНИСЕФ өкілдері Сомалидегі балалардың жағдайына алаңдаулы. Елде осымен бесінші маусым жаңбыр жаумай отыр. Салдарынан егіс алқаптары қурап, мал қырылған. Тиісініше ашқұрсақ жүргендер қатары да артқан. Сарапшылар бір жарым миллион балаға аштық қаупі төніп тұр дейді. Жыл басынан бері тойып тамақ ішпеген 730 бала қайтыс болған. Бұл ресми дерек. Мамандар шындығында ол сан әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді. Бұл аздай елде кәмелетке толмағандар арасында тырысқақ, безгек және қызылша секілді аурулар өршіп барады. Кейінгі бірнеше айда қызылшаны 13 мың адам жұқтырса, соның 80 проценті  - жасы әлі 5-ке толмаған бүлдіршіндер. 

«Өкінішке қарай 730 бала аштықтан көз жұмды. Сорақысы сол, бұл тойып тамақ ішпей, ауруханаға түскен бүлдіршендердің 1 процентіне де жетпейді. Кейбір отбасылар баласының қайтыс болғаны туралы хабарламайды. Сондықтан сандар әлдеқайда жоғары болуы мүмкін», - дейді ЮНИСЕФ өкілі Вафаа Саид Абделатеф.

Серіктес жаңалықтары