Импорттаушы компаниялар 107 млрд теңгенің кедендік төлемін қайтаруға міндеттелді
Бас покуратура тексерісінен соң 7 компания 21 млрд теңгені қайтарды
Сыртқы экономикалық қызметтің жекелеген қатысушыларының Қытай Халық Республикасынан тауарларды әкелу нарығын монополияландырып алғаны анықталды. Бұл туралы Бас прокуратураның бспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәліметінше, аталған жайт Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл басында прокуратура органдары кедендік саласында жүргізген тексеру барысында белгілі болған.
«Сыртқы экономикалық қызметтің жекелеген қатысушыларының әрқайсы белгілі бір тауарларға (аяқ киім, киім, қосалқы бөлшектер, техника, жемістер, көкөністер және т.б.) маманданып, елдің нақты аймақтарын өзара бөлісіп алған», - делінген хабарламада.
Кедендік төлемдерді төлеуден жалтару үшін импорттаушылар тобы 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы кодекстің талаптарын бұза отырып, әкелінетін тауарлардың құнын жүйелі түрде төмендетіп отырған.
«Бас прокуратураның ұсынуы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті 10 компанияға 107 млрд теңге сомаға кедендік төлемдер мен салықтарды қосымша есептеу туралы хабарлама берді. Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтар бойынша Қылмыстық кодекстің 236-бабы – кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтару бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда СЭҚ-тың 7 қатысушысы («Tex Alliance», «Almobi Group», «Ехргеѕѕ Кеден Сервис», «Group of the companies TDA», «Ai-To Progress», «Global Logistics Ved» және «TL NIKA кеден» ЖШС) қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджетке 21 млрд теңге қайтарды.
Қалған қоса есептелген сомаларды өндіріп алу, оның ішінде аталған компаниялардың кепілдік мүлкі есебі арқылы жалғасып жатыр.