$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Солтүстікте орақ науқаны бел ортасынан асты

Өңірде егіннің 56,2 пайызы жиналған

Солтүстікте орақ науқаны бел ортасынан асты

Еліміздің астықты өлкесі –  Солтүстік Қазақстан облысының диқандары орақ науқанының ортасынан асты. Өңірдің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметке сай, егіннің 56,2 пайызы жиналған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Теріскей диқандары биыл 4,4 миллион гектар алқапқа дән сепкен болатын. Бүгінде соның жартысынан астамын орып үлгерді, қамбаға 2,1 миллион тонна астық құйып алды. Өнімділік гектарынан орта есеппен 12,2 центнерден айналып жатыр.

«Биыл өңірде майлы дақылдардың алқабы бір миллион гектарды құраған болатын. Қазір соның 122,3 мың гектарына орақ салынды. Майлы дақылдардың өнімділігі 7 центнерді құрады. Жиналған дақылдар 82 мың тонна», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жанат Тоқсанбаев.

Аудандарға көз жүгіртетін болсақ, Қызылжар ауданында өнімділік жоғары – гектарынан 17 центнерден айналуда, ал Мамлют ауданында бұл көрсеткіш – 15,4 центнер және Айыртау ауданында 14,6 центнерден өнім жиналуда.

«Биыл егін ору науқанына 7,3 мың астық жинайтын комбайн жұмылдырылды, соның 3,8 мыңы – өнімділігі жоғары замауи техника. 4,7 мың егін оратын машина, 5,8 мың жүк таситын көлік те күні-түні тоқтамастан қырман басына қатынап жүр. Облыс шаруаларына 78,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін айта кеткен жөн», - дейді Жанат Тоқсанбаев.

Облыстың астық қабылдау кәсіпорындарына биылғы жылдың өнімінен 308,5 мың тонна дәнді дақыл келіп түсті.

Болжам бойынша, биыл егін ору науқанының қорытындысы бойынша теріскейліктер гектарынан орта есеппен 16 центнерден өнім алып, ел қамбасына 5 млн. тоннаға жуық дәнді және бұршақты дақыл құяды деп күтілуде. Майлы дақылдар гектарынан 10 центнерден айналса, 1 млн. тоннадан астам өнім алынбақ.

Серіктес жаңалықтары