«100 теңгеден басталған айқай-шу»: Ақтөбеде зейнеткер әйел мен кондуктор соттасқалы жатыр
Қазір бұл оқиғаға қатысты полицейлер әкімшілік іс қозғаған
Ақтөбеде жүз теңге үшін үлкен айқай-шу шықты. Зейнеткер автобус кондукторы мені оңдырмай сабады деп отыр. Көпбалалы ана қазір полицияға арызданған, кондукторды жазалауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Елу бес жастағы Райхан Мамилина 29 бағыттағы автобусқа таңертең мінген. Артқы есіктен түсетін уақытта ақшасын таба алмай қалып, кондукторға зейнеткерлік кітапшасын көрсетіп, елу теңге беріпті. Бірақ кондуктор жолақысының толық құнын төлеуді талап етіп, автобустан түсірмей қойған.
«Түскеннен кейін ақшамды төледім. Бізге зейнеткерлерге 40 теңге. Ол әйел мені алдыға қарай сүйреді. Жұлқылап, түйгіштеп автобустың алдына қарай сүйреді. «Ішке алып кетемін. 150 теңге төлейсің!» деп ұрысып, киімнің бәрін жыртып тастады. Жемпір көйлек бәрін. Қолым барлығы мынадай болып көгеріп кетті», - дейді жәбірленуші Райхан Мамилина.
Райхан автобустан түскен бойда полицияға арызданған. Дәрігерге қаралып, үстіндегі көгерген жерлерін көрсетіпті. Жәбір көрген тұрғын кондуктордың жазалануын талап етіп отыр. Бірақ басы дауға қалған кондуктор Райхан Құдабаева да өз құқын қорғамақ. Ол да полицияға қарсы арызданыпты.
«Зейнеткерлік көк кітапшаны маған көрсетіп елу теңге берді. Мен олай болмайтынын айттым. Біздерде автобус картамен жүреді, 150 теңге төлеңіз дедім. Жоқ, мен міне пенсионермін. Мен күнде осылай жүремін, ештеңе төлемеймін деп қашып бара жатқан соң, қолынан ұстап тоқтаттым. Мен сабаған жоқпын. Мен оны итеріп автобусқа кіргіздім. Ол қарсыласып, мені итеріп, қолымнан соқты», - дейді кондуктор Райхан Құдабаева.
Анықталғандай зейнеткерлер картамен есептескенде жолақысы қырық теңге екен. Бірақ қолма қол ақшамен төлегенде зейнеткер де 150 теңге төлеуі тиіс . Сондықтан да болар «Автопарк»басшылығы өз қызметкерлерінің бұрын мұндай теріс қылығын көрмедік деп ақтап отыр. Олар кондукторға сөгіс жариялап, түсініктеме алыпты.
«Қазіргі таңда кондуктор да өзінің құқығын қорғау мақсатында екі тарап бір-біріне қарсы арыз жазып отыр. Соған байланысты әзірге ескертумен кондукторды да , жүргізшіні де жұмысқа қостық. Құзырлы органдардың тергеу амалдары нәтижесіне сәйкес біз әрі қарай қосымша шара қолданамыз», - деді «Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов.
Қазір бұл оқиғаға қатысты полицейлер әкімшілік іс қозғаған. Екі тарап та бір-біріне дене жарақатын салғандықтан сот-медициналық сараптама тағайындалған.