Түркістанда пара алған лауазымды тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Түркістан қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғалары пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оларға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркістан қалалық соты 2022 жылдың 2 қыркүйегінде Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз бен осы бөлімнің бас маманы – есепшісі Салтанат Мәтібаеваға қатысты айыптау үкіміy шығарды.
«Сот үкімімен Н.Жаманкөзге 73,8 миллион теңге айыппұл салынса, С.Мәтібаева 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды. Сонымен қатар сот сотталғандарды мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырды», - делінген хабарламада.
Олар Түркістан қаласы Отырар ықшамауданында сыртқы желілерді тарту бойынша атқарылған жұмыс актілеріне ЖШС өкілінен алдын ала сөз байласу арқылы бір топ тұлғада 1,1 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Салтанат Мәтібаеваға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабы қолданылып, кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты үкімнің орындалуы 5 жылға дейін шартты түрде шегерілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.