ШҚО-ның 5 ауданында өрт тіркеліп, жалпы аумағы 2600 гектарға жетті
100 шаңырақ түтін түтетіп отырған ауылдан 50 адам эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының 5 ауданында бірнеше өрт тіркеліп, жалпы аумағы 2600 гектарға жетті. Глубокое ауданы, Каменный карьер ауылында құрғақ шөп өртеніп, елді мекенге жетті. 100 шаңырақ түтін түтетіп отырған ауылдан 50 адам эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді. Кей аудандарда қызыл жалын саябырлағанымен қауіп толық сейілген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Каменный карьер ауылында құтқарушылар, полицейлер, орманшылар мен әскерилер жұмыс істеді. Өртті сөндіруге 500 адам мен 50 бірлік техника жұмылдырылған. От шарпыған аумақ 60 гектардан асты. Желдің бағыты секундына 15 метрге дейін жетіп, арнайы қызмет мамандарының жұмысына кедергі келтірді.
«Алтай ауданындағы Зырян орман шаруашылығы, «Быковское орманшылығының аумағында қурай мен кепкен ағаш жанды. Қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстары техниканың жетуі қиын таулы жерлерде жалғасып жатыр. Шамамен аумағы 700 гектар. Маңайдағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өртті сөндіруге ШҚО ТЖД, Орман шаруашылығы, Жергілікті атқарушы органдар мен полицияның 300 адамы мен 22 техникасы жұмылдырылды. Сонымен қатар су ағызу құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы көмекке келді», - дейді ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Марина Лискова.
Сонымен қатар Күршім ауданы аумағында Марқакөл орман шаруашылығында, Төсқайың ауылынан 10 шақырымдағы Бобровка орманшылығының және Төсқайың аувлдық округінің аумағында шөптер, бұталар мен ағаштар өртенді. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер тау бөктерінде жұмыс істеп жатыр. Алдын ала болжам бойынша өрттің аумағы 1 300 гектер. Мамандардың айтуынша елді мекендерге қауіп жоқ. Қызыл жалынды сөндіруге ШҚО ТЖД, Орман шаруашылығы, Жергілікті атқарушы органдардың 278 адамы мен 34 техникалық бірлігі жұмылдырылды.
«Қатонқарағай ауданы Алтынбел ауылынан 8 шақырым жерде, Большенарым, Ново-Березовка орманшылықтарының аумағында орманында да осындай өрт тіркелді. 500 гектар аумаққа залал келді. Отты сөндіруге жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметінің 96 өкілі мен 12 техникасы жұмылдырылды. Қазавиаорманқорғау Ми-2 және АН-2 тікұшақтары іске қосылды», - дейді Марина Лискова
Сонымен қатар Ақтас учаскесінде әскери бөлімнің полигон аумағынын сырт жағында шөптер, бұталар жанды. Қызыл жалынды сөндіруге құтқарушылар, әскери бөлім, полиция және жергілікті атқарушы органдардан 156 адам мен 11 бірлік техника жұмылдырылды. Өрттің болжалды аумағы 35 гектер, елді мекендерге қауіп жоқ.
Бүгін еліміздің шығысында ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілді. «Қазгидромет» мәліметінше өңірде ертең де қолайсыз ауа райы сақталмақ. Дауылды ескерту жарияланды. Желдің бағыты секундына 20 метрге дейін жетуі ықтимал. Сонымен қатар күн күркіреп, найзағай ойнауы мүмкін.