Алматы зообағында керік төлдеді
Жираф биыл шілде айының соңында төлдеген
Алматы хайуанаттар бағында Хан мен Сұлу атты керіктер жұбында кішкентай керік өмірге келді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жаңа туған кішкентай жираф биыл шілде айының соңында туған.
«Біз зообағымыздағы жаңа төлдердің туғанын олардың кішкене өсіп, қатайғанынан кейін ғана көпшілікке жариялаймыз. Әзірге ол әкесі мен әпкесінен бөлек анасымен бірге тұрады. Оған әлі ат қойылмады. Сондықтан біз кішкентай керікке жаңа ат қоюға байқау жариялаймыз. Сүйкімді жануардың түріне қарап ерекше есімдердің нұсқаларын айтыңыздар. Парақшамызға пікір қалдырып, өз ұсыныстарыңызды жазыңыздар», - делінген Алматы зообағының Instagram парақшасында.
Биыл тұяқтылар бөлімінде 19 төл өмірге келіпті. Алматы хайуанаттар бағының мамандары жыл соңына дейін әлі жағымды жаңалықтар болатынын хабарлады.