Оралда полиция подполковнигі 50 мың теңге пара алып, 7 млн теңге айыппұл арқалады
Сотталушы полиция подполковнигі шенінен айырылды
Орал қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің бұрынғы басшысы Қанат Мұқановқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Орал қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған полиция қызметкері ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігі (пара алу) және 369-бабы 2-1-бөлігіне (қызметтiк жалғандық жасау) сәйкес айыпты деп танылды.
Қ.Мұқанов Орал қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің бастығы болып қызмет атқара жүріп, өткен жылдың 27 қыркүйек күні ресейлік азаматқа Қазақстан азаматтығының жоқтығы туралы анықтаманы тездетіп беріп, 50 мың теңге пара алған.
Ол өз кінәсін мойындады.
Аталған екі бапқа сәйкес Қ.Мұқановқа 8 млн 751 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол сондай-ақ мемлекеттік қызметте және басқа органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сонымен қатар ҚР ҚК 62-бабы 3-1-бөлігіне сәйкес сотталушының 11 сәуірден 5 қыркүйекке дейін қамауда болған мерзімі (әр күнге айыппұлдан 4 АЕК көлемінде шегеріледі, барлығы 147 күн) үшін айыппұл көлемі 1 млн 715,196 мың теңгеге төмендетілді.
Қ.Мұқановты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенге дейін ешқайда кетпеу туралы қолхат берумен өзгертіліп, сот залынан босатылды.
Сондай-ақ сотталушы полиция подполковнигі шенінен айырылды. Ол 7 млн теңге айыппұлды сот үкімі күшіне енгеннен кейін бір ай мерзім ішінде төлеуі тиіс.