Қазақстандық студенттер Италияға виза ала алмай отыр – СІМ себебін айтты
Бұл мәселе ҚР СІМ басшылығының бақылауында
Италияға оқуға түскен қазақстандық студенттер Шенген визасын ала алмай отыр. ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл жайдың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«1963 жылғы «Консулдық қатынастар туралы» Вена конвенциясына сәйкес, шет мемлекеттердің ұлттық визаларын ресімдеу мәселелері әрбір елдің ішкі заңнамасымен реттеледі және әрбір мемлекеттің айрықша құзыреті болып саналады. Ұлттық визаларды ресімдеу жөніндегі құжаттар осы мемлекеттің құзыретті органдарымен қаралады және келісіледі. Сондай-ақ Шенген кеңістігі мемлекеттерінің бірыңғай базасы арқылы өңделеді. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, шет мемлекеттің виза беруден бас тартатын консулдық мекемесі өтініш берушіге және үшінші тұлғаларға бас тарту себебін хабарламауға да құқылы», - деді Айбек Смадияров ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Қазақстанда аккредиттелген бірқатар шетелдік дипломатиялық өкілдік визаларды ресімдеу және беруді өз елдерінде COVID-19-ға байланысты енгізілген карантиндік іс-шараларды ескере отырып қарайды.
«Жалпы, Италия Елшілігінің консулдық бөлімі көші-қон ережелерінің қатаңдатылуын ескере отырып, Италияның көші-қон қызметтерімен бірге студенттердің 22 құжаттан тұратын әрбір өтінімін мұқият тексеруге мәжбүр. Ал бұл өтініштерді өңдеу процесіне әсерін тигізеді. Осыған байланысты студенттерге виза алу үшін құжаттарды ертерек тапсыру қажеттігіне назар аударамыз.
Сонымен қатар, бұл мәселе ҚР СІМ басшылығының бақылауында екенін хабарлаймыз. Қазақстандағы Италия елшісімен және консулымен тиісті кездесулер өткізілді. Олардың ақпараты бойынша, виза беруді кешіктірудің негізгі себебі соңғы айларда келіп түскен өтініштер санының артуы болып отыр. Ай сайын консулдық бөлім 3 мыңға жуық визаны өңдейді және береді. Италиялық дипломаттар бұл мәселені шешіп, виза рәсімдейтін қызметкерлер санын 2 есеге көбейттік деп сендірді», - деді ол.