$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Екі апта тұрмыстық қалдық жиналмаған Шымкент күл-қоқысқа толды

Тазалықтың жоқтығынан құрт-құмырсқа мен тышқан қаптап, көшелерді жағымсыз иіс жайлап кеткен

Екі апта тұрмыстық қалдық жиналмаған Шымкент күл-қоқысқа толды
КТК арнасы

Шымкентте екі аптадан бері тұрмыстық қалдық жиналмай жатыр. Соның салдарынан шаһарды күл-қоқыс басып, жер үйлер мен көпқабатты баспаналардың алды қапқа салынған қалдықтарға толды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Тазалықтың жоқтығынан құрт-құмырсқа мен тышқан қаптап, көшелерді жағымсыз иіс жайлап кеткен. Шенеуніктер бұл тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын жеке компанияның селқостығы деп, тазалыққа жауапты мекемені тұрғындар сотқа берсін деп қол қусырып отыр. Шымкент көшелерін екі аптадан бері қоқыс басты. Жер үйлердің алдында қалдық толы қапшықтар тізіліп тұрғаны үйреншікті көрініске айналған. Ал аптасына кемінде бір мәрте әкететін мекеме қызметкерлері екі аптадан бері ұшты-күйлі жоқ.  Бірақ қоқыстың ортасында отырмау үшін ай сайын ақша төлеп отырған тұрғындар ауаны жағымсыз иіс басып, зиянды жәндіктер де көбейіп кеткенін айтады.

  Қоқыс жер үйлердің алдынан ғана емес, қала орталығындағы көпқабатты үйлерден де тасымалданып жатқан жоқ. Тұрғыны көп шағын аудандардағы контейнерлер де аузы-мұрнынан шығып тұр. Жергілікті шенеуніктер мен тазалыққа жауапты мекемелерге хабарласып нәтиже шығара алмаған шымкенттіктер енді үйілген қалдықтарды қала сыртына өздері шығарудың амалын іздеп жатыр.

Шымкент көшелеріндегі қоқысты жинау “ЛТД-Тұрмыс”, “ЭкоСпецтранс” пен “Шымкент.Спец.Комплекс” деген мекемелерге жүктелген. Барлығының қожайыны бір болған соң, қаладағы тазалық жұмыстары да бір мезетте тоқтапты. Бірақ коммуналшылар жанар-жағар май тапшылығынан тазалық жүрмегенін мойындап отыр. Ал дәл қазір “қала көшелері тап-таза” деп, айды аспаннан бір-ақ шығарды.

«Енді алынып жатыр ғой. Дизель отын жоқ болды, басқа жоқ болды. Қазір реттеліп, барлық машина шығып, бәрі орындалып жатыр. Алынып жатыр. Қазір Абай ауданына 16, Әл Фарабиге 12 машина шығарып жатырмыз», - дейді «ЛТД Тұрмыс» ЖШС директорының орынбасары Бауыржан Әмірбеков.

Ал, әкімдік қалдықтарды әкетуге тиіс мекемелердің жұмысына тікелей араласа алмаймыз дейді. Себебі, келісімшарт тұрғындар мен компаниялардың арасында ғана жасалған екен. Бірақ міндетін орындамаған мекемелердің қызметінен бас тартуға немесе соттасуға құқылы деп кеңес береді.

«Біз қазір экологиялық полиция мен экология департаментімен атқарылған жұмыстарды өзіне жүктелген міндеттемелерді дер кезінде орындамағаны үшін шара көру бойынша Экоспец.транс” пен “Шымкентспец.комплекс” деген екі мекемеге қатысты хат жолдап шара қолдану жағын қарастырып жатырмыз», - деді әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.

 Шенеуніктер көше тазалау үшін өзге коммуналдық мекемелерге өтініш айтып, қоқыс басқан жерлерді түгел жинап жатырмыз дейді.

Серіктес жаңалықтары