$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Президенттің жетіжылдық мерзімін биылғы сайлауға дейін енгізу қажет – «Жаңа Қазақстан» депутаты

Депутат өз сөзінде ел астанасының бұрынғы атауына да қатысты пікір білдірді

Президенттің жетіжылдық мерзімін биылғы сайлауға дейін енгізу қажет – «Жаңа Қазақстан» депутаты

Парламент Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Құрметті әріптестер! Қадірлі қауым! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа Жолдауын жариялап, тың бастамалар көтерді. Соның ішінде, биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы айтты. Бұл ұсыныс сарапшылар ғана емес, бүкіл қоғам тарапынан қызу пікір-талас тудырып жатыр», - дейді депутат.

Еділ Жаңбыршин сөзін жалғай отырып, Жолдауды Парламент Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері де талқылағанын айтып өтті.

«Бірінші. Биыл елімізде конституциялық реформа қолға алынды. Жаңа, Әділетті Қазақстан құрамыз, «Екінші Республика» моделіне көшеміз деп жарияладық. Мемлекеттік жүйені, соның ішінде мемлекет басқару ісін жаңғырту қажет екені даусыз. Яғни, бұл – демократиялық басқару моделіне көшуге жол ашатын бастама. Сондықтан, қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзімді енгізу дұрыс бастама. Ешкім Президент билігін ұзақ жылдар бойы иемденбейді. Бұл еліміздің суперпрезиденттік биліктен толық кеткенімізді бекіте түседі.  

Екінші. Қазір әлемдегі кейбір елдерде мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту бойынша бастамалар көтеріліп жатқан тұста, біздің елімізде керісінше Президент өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу – еліміздің демократиялық бағытты берік ұстанғанын көрсетеді.

Үшіншіден, егер Президент кезектен тыс сайлауда 5 жылға сайланып, содан соң 7 жылдық мерзімді енгізетін болса, онда қазіргі Президенттің үшінші мерзімге сайлануына құқықтық негіздер пайда болуы мүмкін деген әртүрлі алып-қашпа пікір айтылуда», - дейді депутат.

Сөз арасында қазіргі Президент 5 жылдан кейін тағы да 7 жылға баруы мүмкін деген күмәнді сейілту үшін биыл бірден 7 жылдық мерзімге сайланғаны дұрыс болар еді деген ойын жеткізді. Сонда аталған құқықтық коллизия туындамайды.

«Оның үстіне, Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізбей, екі мерзімге сайланса да, биыл кезектен тыс сайлауда 7 жылға сайланса да, оның өкілеттік мерзімі 2029 жылы аяқталады. Яғни қазіргі Президент мерзімінің ұзақтығы өзгеріссіз қалады.

Төртінші. Біз, бұрынғы жүйені қалыптастырған саяси күштердің, ықпалды топ өкілдерінің билікке ұмтылып отырғанын ұмытпауымыз қажет. Президенттің қазір сайлау өткізіп және жеті жыл мерзімге сайлануы мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол жаңа инклюзивті азаматтық қоғам құруға мүмкіндік алады.

Осы жағдайлардың бәрін ескере отырып, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы мынадай мәлімдеме жасайды:

Біріншіден, біз Қазақстан Республикасы Президентін жеті жылға бір мерзімге сайлау бастамасын қолдаймыз.

Екіншіден, Конституцияға өзгерістерді қазір енгізіп, Президент сайлауын жаңа талаптарға сәйкес осы жылдың күзінде өткізу қажет деп санаймыз.

Жалпы, бұл мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, елімізді орнықты дамытуға жол ашатын маңызды қадам.

Үшіншіден, Конституциямызға өзгеріс енгізетін болсақ, онда осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ата Заңға тағы бір аса маңызды мәселені енгізу керек. Ол – елорданың атын қайта қайтару.

Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және де қаланың жаңа атауын халықта қабылдамады. Сондықтан Тұңғыш Президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді. Бұл Тұңғыш Президенттің бас қаламыздың құрылысын салдырудағы еңбегін де бағалау және халқымыздың ұсыныс-пікірін де ескеру», - деді ол.

Сөзін қорытындылай келе жұртшылықты ауызбіршілікке шақырды.

«Қадірлі ағайын! Қай заманда да ел басына күн туғанда, халқымыз бір басшының айналасына топтасып, қиындықтардан да, сынақтардан да аман-сау шыққан.

Қазақта «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген жақсы сөз бар. Қазір – араздасатын уақыт емес, бірігетін уақыт, таласатын уақыт емес, татуласатын уақыт! Сондықтан барша көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз бірлесіп, Отанымызды алдағы сынақтардан абыроймен алып шығайық!» - деп сөзін қорытындылады.

Серіктес жаңалықтары