$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық қордың қаражаты балалардың шотына АҚШ долларымен есептеле ме: валюталық портфель – 28 трлн теңге

Елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді

Ұлттық қордың қаражаты балалардың шотына АҚШ долларымен есептеле ме: валюталық портфель – 28 трлн теңге
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Былтыр ҚР ұлттық қорының инвестициялық таза табысы 2,3 миллиард доллар болды. Валюталық портфель 55,3 миллиард долларды құраған. Яғни теңгеге шаққанда 28 триллион теңге. Бұл туралы ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директорының орынбасары Олжас Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, Ұлттық қордың валюталық портфеліндегі қаражат шетелдік құнды қағаздарды сатып алуға жұмсалады. Сәйкесінше, табыс та осыған байланысты.

«18 жасқа дейін балалардың шотына түсетін қаражаттың қалай, қанша көлемде аударылатынын дәл қазір кесіп айта алмаймыз. Бағдарламаны әзірлеуге әлі бір жыл уақытымыз бар. Инвестициялық табыс тікелей доллар бағамына байланған. Сондықтан инвестициялық табыс күн сайын өзгеріп отыруы мүмкін. Ата-аналар зейнетақы қорындағыдай Ұлттық қордан аударылыған қаражаттың көлемін ашық көре алады деп ойлаймын. Яғни доллардың құбылуына байланысты инвестициялық табысты бақылауға мүмкіндік беріледі деген ойдамыз», - деді ҚР Қаржы министрлігі, Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директорының орынбасары Олжас Бейсембаев.

Еске сала кетейік, 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында 18 жасқа толған қазақстандықтар Ұлттық қордан ақша алатынын айтқан еді.

Сондай-ақ, кеше ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ын балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарына аудару туралы бастамасын түсіндірген еді.

Президенттің бастамасымен Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады.

«Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады», - деп жазды ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook парақшасында.

Серіктес жаңалықтары