Маңғыстауда «Атамекен» тұтыну кооперативіне қатысты іс тергеліп жатыр
1100 салымшының ешқайсысы уәде берілген мүлікті алмаған болып шықты

Маңғыстауда «Атамекен» тұтыну кооперативіне қатысты іс тергеліп жатыр. Кооператив ашқан азамат салымшылардың 40 миллионға жуық қаржысын иемденген. Бұл туралы Azattyq Ruhy Маңғыстау облыстық прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Балнұр Есенгелдиновтың айтуынша, кооперативке қаржы салған 1100 салымшының ешқайсысы тиісті мүлікті әлі күнге дейін алмаған.
«Атамекен» кооперативі өз салымшыларына мүлік пен көлікті бөліп сатып алуды ұсынады. Салымшы кіру жарнасын төлеуі тиіс болған, одан кейін мүлік құнының жартысын бірден салуы керек. Сонда ғана кооператив 6-8 айдың ішінде қалған ақшаны салымшыға беруге келіскен. Бұл жерде қарыз беру банк қызметіне жататынын және бұл лицензияланатын қызмет екенін есте сақтау керек. Ал «Атамекен» тұтыну кооперативі, онда ешқандай лицензия жоқ, - деді Балнұр Есенгелдинов.