Сенаттың жаңадан сайланған 6 депутаты ант қабылдады
Олар Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан сайланған
Жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан сайланған Сенат депутаттары Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 24 тамызда жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында Сенат депутаттарының сайлауы өткенін айтып өтті.
«Қатарымызға алты сенатор қосылды. Жаңадан сайланған депутаттарды сайлаудағы жеңістерімен құттықтаймын. Сіздер түрлі салада, өңірлерде ұзақ жыл бойы жемісті еңбек еттіңіздер. Енді депутаттық міндетті абыроймен атқарып, заң шығару қызметіндегі өкілеттікті барынша пайдалана алады деп сенеміз», - деді ол.
Бұдан кейін палата алдында депутаттар Айнұр Арғынбекова, Советбек Медебаев, Амангелді Толамисов, Бақытжан Байахметов, Ғалиасқар Сарыбаев және Серік Шайдаров ант берді.
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарын бұлжытпай орындауға, маған жүктелген депутаттық жоғары міндеттерді адал атқаруға ант етемін», - деді жаңадан сайланған сенаторлар.