Алматыда қырғызстандық нөмірі бар көліктің иесі 200-ден аса жол ережесін бұзған
Көлікті 55 жастағы жергілікті тұрғын басқарған
Алматыда шетелдік нөмірмен жүрген жүргізушілер жол ережесін қасақана бұзады. Өзгенің өміріне тікелей қауіп төндіретін көлік иелерін ұстау жұмыстары басталды. Рейд барысында 2 млн теңгедей айыппұлы бар жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қомақты айыппұлы бар Toyota Ipsum көлігін Әуезов ауданының полицейлері ұстаған. Жол қозғалысын реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді.
«Қырғызстанда тіркелген, жалпы сомасы 1 782 090 теңгені құрайтын айыппұлдары бар Toyota Ipsum көлігі ұсталды. Минивенді 55 жастағы жергілікті тұрғын басқарған. Бұл көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Автоматтандырылған жүйе жалған мемлекеттік нөмірлері бар автокөліктерді және сақтандыру полисінсіз жүрген шетелдік МТНБ бар автокөліктерді, сондай-ақ көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді», – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Қалада жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланатын, көліктерге арнайы дабыл беру құрылғыларын орнатқан жүргізушілерді, рульге мас күйінде отырған адамдарды жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмыстар жүріп жатыр.