Алматы облысының бірнеше ауданында білім саласында жемқорлық тыйылмай тұр
Соңғы екі аптада 10-нан астам арыз тіркелген
Алматы облысының бірнеше ауданында заңсыз ақша жинауды тоқтатпай келеді. Білім саласында жемқорлықпен алдыға шыққан аудандардың аты да аталды. Қылмысты пысқырмайтын аудандық білім бөлімдерінің басшыларын жинап, әрекеттерін облыс басшылары май шаммен қарады. Жиынға Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің басшысы Серік Орымбетов, облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, білім басқармасының басшысы мен мектеп директорлары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Баяндама жасаған басшылардың сөзінше, аймақта білім беру саласы жемқорлыққа бейім. Кадр мәселесін шешу, мемлекеттік бағдарламалардың қаржысын жұмсау мен мемлекеттік сатып алу барысында заңсыздықтар тоқтамай тұр.
«Білім беру мекемелерінде «ата-аналар комитеттері» жемқорлыққа апарар бірден-бір жол. Себебі олардың қызметі реттелмеген және күнделікті жемқорлыққа негіз қалайды», – деді Серік Орымбетов.
Департамент басшысы Серік Орымбетовтің айтуынша, тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі көмекші құрал – 1424 call-орталығы. Биыл білім саласына қатысты 42 тұрғыннан шағым түскен. Ал соңғы екі аптада 10-нан астам арыз тіркелген. Шағымның көбі Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай және Талғар аудандарынан түсіп отыр.
«Бүгінде «ата-аналар комитеттері» оқу жылының басы мен соңында өкізілетін түрлі іс-шараларға ақша жинау құралына айналып отыр. Сыныптағы ұйымдастырушылық шараларға түптеп келгенде сынып жетекшісі жауапты. Ата-ана емес. Ал мұғалімдер сол үшін ай сайын жалақы алып отыр. Сондықтан айтарым, тек бірлескен жұмыстың арқасында нәтижеге қол жеткізе аламыз», - деді Батыржан Байжұманов.
Мектепті бизнеске айналдырған директорлар да жетерлік. Оларға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған. Соған қарамастан 23 мектептің директоры кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Оларға 200 АЕК яғни, 612 600 теңге көлемінде айыппұлдан салынған. Биыл өңірде жемқорлық қылмысы бойынша 100 факті анықталған. Пара алу дерегімен 72 қылмыс тіркеліп отыр. 68 адам жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін сотталды.