«Директор ескерту алды»: Жетісу облысында басшылар мектеп формасына қатысты дауға жауап берді
Қазіргі уақытта оқушының мектеп формасы ауыстырылып берілді
Жетісу облысында оқушыға үлкен адамның костюмын кигізгені үшін мектеп директоры жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Аудан тұрғыны бастауыш сыныпта оқитын қызына мектеп әкімшілігінің үлкен адамның киімін беріп, мазақ қылғанын жариялаған еді. Қорланған ана тіптен министрге бейнеүндеу жолдаған. Кербұлақ аудандық білім басқармасының мәліметінше шулы іс Нұрым ауылында болған.
«Оқушы жалпыға міндетті оқу қоры есебінен көмек алатын оқушылар тізімінде жоқ. Алайда ата-ана мектептен көмек сұраған. Анасының өтініші бойынша оқушыға демеушілер тарапынан мектеп формасы берілді. Ата-ана мен бала мектеп формасын өлшеуге жіберілген, соның барысында бұл бейнежазба түсірілген.
Қазіргі уақытта оқушының мектеп формасы ауыстырылып берілді. Мектеп директорына ескерту жасалды», - деді Кербұлақ аудандық білім басқармасының басшысы Қайсар Сейтқожаев.
Өзінен әлдеқайда үлкен киім киіп алған Асылай Айдархан 4-сыныптың оқушысы. Аудан бойынша жалпыға бірдей білім беру қорынан 500 балаға 19,7 млн теңге бөлініп, конкурс жарияланған. Бір балаға мектеп формасы, ақ жейде, аяқ киім, кеңсе тауары сөмкесімен берілген. Әр балаға бөлінген ақшаның құны – 39 415 теңге.