Елімізде жатақхана тапшылығы қашан шешіледі?
Өткен жылы республика бойынша 1,1 млн-нан астам студенттің 16%-ы ғана жатақханамен қамтылған

Елімізде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі 2022 жылдың соңына дейін толығымен шешілуі тиіс еді. «Бес әлеуметтік бастама» үндеуі аясында бұрынғы Білім және ғылым министрлігіне, қазіргі Ғылым және жоғары білім министріне студенттерге арнап 184 жаңа жатақхана салу тапсырылған болатын. Өткен жылы республика бойынша 1,1 млн-нан астам студенттің 16%-ы ғана жатақханамен қамтылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгін жатақхана орнына қажеттілік 84 мыңнан астам орынды құрайды. Оның ішінде жоғарғы оқу орындарында 69 мыңдай, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 14 мыңнан астам орын қажеттілігі бар. Соңғы 3 жылда 30 мыңнан астам жатақханадағы орын пайдалануға берілген. Сонда да қажеттілік 20 мың орынға артып отыр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, республикадағы 28 ЖОО-ны білім алушыларды 100% толықтай жатақханамен қамтамасыз ете алады.
Белгілі болғандай, жатақханаға сұраныс Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жоғары. Көш басында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұр. Қажет орын саны - 15 122 төсек-орын, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ - 5 000 төсек-орын қажет.
«Жатақханадағы орын жетіспеушілігі жалға берілетін тұрғын үйдің қымбаттауы да әсер етуі мүмкін. Бұл кешенді мәселе және оны шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға ЖОО білім алушылары үшін қонақ үйлер мен хостелдерде тұру бағаларын реттеуді пысықтауды сұраймыз», - деген еді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Расымен, былтырғы шілдеден бергі бір жыл ішінде ел бойынша пәтерақы 20,8 %-ға өскен.
ЖАТАҚХАНА САЛУҒА ИНВЕСТОРЛАР ҚҰЛЫҚТЫ ЕМЕС
Белгілі болғандай, былтыр 10 364 орындық 49 жатақхана іске қосылды. Ал 2022 жылдың жоспарына сәйкес 35 жатақхана студенттерге пайдалануға берілмек. Десе де жыл соңына дейін бұл көрсеткіштің толықтай орындалатынына күмән бар. Себебі, биыл салынуға тиіс 10 мың орындық жатақхананың 6 ай ішінде тек 1320 орынға арналған алтауының ғана құрылысы аяқталған. Бұл жалпы құрылыстың 13 %-ы ғана.
«2021-2022 жылдардың қорытындысы бойынша құрылыс материалының орта есеппен 40-50 %-ға қымбаттауына байланысты мемлекеттік тапсырыс алудың тиімділігі жоғалды. Бүгіннің өзінде студенттік жатақхана салуға ниетті инвестор табу қиындап, керісінше 5,6 мың орындық 16 жатақхананың келісімшарты тоқтаған. Депутаттар мемлекеттік төлемдерді 8 жылдан 6 жылға қысқартып, қайтарымды қаржының сомасын кемінде 25%ға көтеруді, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Үкіметтің қаулысындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесіне жатақханаларды әлеуметтік нысан ретінде қосуды, сонымен бірге жергілікті әкімдіктерді жатақхана салу бойынша өңірлік куратор ретінде анықтауды, яғни олардың жауапкершілігі мен мүдделігін айқындауды ұсынған болатынбыз. Екіншіден, жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жатақханаларды салуға мүдделі еместігін нақты көрсетіп отыр. Мысалы, бүгінге дейін инвесторлар мен білім беру ұйымдарына жер бөлу мәселесі өте қиын жүргізіліп келеді. Сондай-ақ құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды бойынша жұмыстарды, бюрократизмге айналдырғаны тағы бар», - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты, Елнұр Бейсенбаев.
ЕҰУ Студенттер үйі дирекциясының директоры Мерей Ерболұлының айтуынша, ЕҰУ студенттер үйлерінің 3 000-нан астам білім алушыны қабылдай алатын мүмкіндігі бар.
«Жатақханаға 5 мыңнан астам студент мұқтаж. Осы мәселені шешу үшін университетте қосымша орындармен қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде. Биыл университет хостелдармен және жатақханалармен келіссөздер жүргізіп, қосымша 700 орын ұсынылады. Студенттерді қосымша орындармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бірінші кезекте жатақханамен 1 курстың студенттері, кейін әлеуметтік топтың (ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі) 1-5 курс студенттері, содан кейін 2-3 курс студенттері қамтамасыз етіледі», - дейді Мерей Ерболұлы.
Жаңа оқу жылында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л. Гумилев атындағы ЕҰУ жатақхана бағасын қымбаттатқан жоқпыз деп сендірді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бакалавр студенттеріне жатақхана бағасын 1000 теңгеге өсіріпті. Былтыр бір айға орын құны 9 мың теңге болса, биыл 10 мың теңгеге өскен. Ал магистранттарға ай сайын 17 мың, докторанттарға 19 мың теңге шамасында. Бағаның өсуі коммуналдық қызмет құнының көтерілуі және шәкіртақының өсуімен байланысты.