Ақтөбе облысында бұралқы иттер малға шапты
Қорада қамаулы тұрған қойды бірнеше ит түнде талап өлтіріп кеткен
Ақтөбе облысында бұралқы иттер малға шапқан. Аймақтағы Байғанин ауданы тұрғыны Нұрдәулет Ермекбаевтың қорадағы қойын түнде иттер талап, жеп кетіпті. Бұл туралы Azattyq Ruhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қорада қамаулы тұрған қойды бірнеше ит түнде талап өлтіріп, жартысын жеп кеткен. Таңертең малының өлексесін тапқан.
«Иттер есіктің астын қазып кіріп, малға шапқан. Әр жерін тістелеп, жаралап, терісінің жыртып кеткен. Мұндай жағдай жиілеп кетті, оған ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ», - дейді Байғанин ауданының тұрғыны Нұрдәулет Ермекбаев.
Бұған дейін де қаңғыбас иттер тұрғындардың қорадағы малына шауып, төлдерін жеп кетіпті. Тұрғындардың айтуынша аудан орталығының өзінде аш иттер өріп жүреді. Ал аудан басшысы тығырықтан шығудың жалғыз жолы – иесіз иттерді қамап ұстайтын арнайы орын жабдықтамақ. Бұл жерге әзірге 20 шақты қаңғыбас ит оқшауланбақ.
«Халықтың арасында түсіндірме жұмыстары жасалуда. Иттерді байлап ұстау жөнінде, артық ит ұстамау, оларды чиптау жөнінде жұмыстар жасалуда. Ветстанса арқылы итті қамау алаңын жабдықтап жатырмыз. Ары қарай заң аясында іс-шаралар қабылданатын болады», - дейді Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров.