$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

4,5 миллионға жуық украиналық босқын еліне қайтпақ - БҰҰ

Алты айда 10 миллионнан астам адам Украинадан кетті

4,5 миллионға жуық украиналық босқын еліне қайтпақ - БҰҰ
Фото: ашық дереккөзден

Алты айда 5587 бейбіт тұрғын Украинадағы соғыстың құрбаны болды, 7890 адам жарақат алды. Бұл БҰҰ жариялаған жаңартылған мәліметтер, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұйым бұл сандар аз болуы мүмкін екенін айтады, өйткені ақпарат соғыс аймақтарынан толық түспейді әрі кеш келеді.

БҰҰ мәліметтері бойынша, зардап шеккендердің жартысынан көбі Донбаста және Киевтің бақылауында қалған аумақтарда. Қаза тапқандар мен жараланғандардың 90% - дан астамы артиллериялық және зымырандық атыстардың құрбаны болды.

БҰҰ-дағы көші-қон дағдарысы бұл сандарды екінші дүниежүзілік соғысынан кейінгі ең үлкен көрсеткіш деп атады: алты айда 10 миллионнан астам адам Украинадан кетті, бұл халықтың шамамен төрттен бір бөлігі.

Халықаралық Қызыл Крест сияқты гуманитарлық ұйымдар үлкен қиындықтарға тап болды және алдағы қыс мезігілінің қалай болатынына алаңдаушылық танытып отыр.

Сонымен бірге, 4,5 миллионға жуық босқын соғыс жалғасып жатса да, үйлеріне қайтуға шешім қабылдады. Олардың көпшілігі Еуропадағы босқын ретінде өмірге бейімделе алмады, ал өзгелері Украинада қалып қойған мүліктерінен айырылып қалудан қорқады.

Бірақ гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері қыс басталғаннан кейін Еуропа елдеріне босқындардың жаңа толқыны барады деп санайды.

Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға барды

Борис Джонсон Киевке сапары кезінде батыс елдерінің азаматтарын әлемдік дағдарысқа байланысты қымбатшылықтың өсуіне төтеп беруге және Украинаға Ресейдің әскерімен күресте көмектесуді жалғастыруға шақырды. Бұл туралы BBC ақпараттық агенттігінің ресми сайтында жазылды.

Ұлыбританияның премьер-министрі Украина Тәуелсіздігінің 31 жылдығына орай Киевке барды.  Бұл соғыс басталғаннан бері Джонсонның Киевке үшінші сапары.

Джонсонның айтуынша, энергия бағасының өсуіне байланысты Еуропа Украинаны бұдан былай қолдамайтын сияқты көрініп отыр, бірақ іс жүзінде керісінше батыстың бірлігі күшейе түсуде. Ол Украина Ресейді жеңе алатынына сенім білдірді.

Джонсонның пікірінше, Ресей шабуылы әлсіреп, Путиннің әскері үлкен шығындарға ұшырайды. Сондықтан да ол украиналықтарды ешқандай келіссөздерге бармауға шақырды.

Ұлыбритания премьер-министрі сонымен бірге Украинаға 54 миллион фунт (63,7 миллион доллар) көлемінде қосымша әскери көмек пакетін жариялады. Бұл пакетте 2 мың дрон, оның ішінде камикадзе дрондары бар.

Бұл Борис Джонсонның Ұлыбританияның премьер-министрі ретінде Украинаға жасаған соңғы ресми сапары болуы мүмкін. Себебі 6 қыркүйектен бастап ол өзі қызметінен кетеді. 

Киевте оған Бостандық ордені - шетелдік азамат ала алатын Украинаның ең жоғары марапаты берілді, ал Президент Зеленский Рада ғимаратының жанындағы батылдық алаңында Ұлыбритания премьер-министрінің құрметіне орай құрмет тақтайшасын ашты. Владимир Зеленский Facebook-тегі парақшасында оған «Ресейдің жаппай агрессиясының алғашқы күндерінен бастап Украинаға қолдау көрсеткені және Украинаның халықаралық аренадағы мүдделерін қорғағаны үшін» алғыс айтты.

Британдық саяси бақылаушылардың пікірінше, Борис Джонсон өзінің премьерасын үш негізгі нәрсемен есте сақтағысы келеді: Брексит процесінің аяқталуы, ковидке қарсы жаппай вакцинация жасатуы және соғыс кезінде Украинаға қолдау көрсетуі.

Серіктес жаңалықтары