$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түрікменстаннан келген қандастар солтүстікке көшпесе, депортациялануы мүмкін

Қандастардың мәселесі Үкімет деңгейінде шешіледі

Түрікменстаннан келген қандастар солтүстікке көшпесе, депортациялануы мүмкін
Фото ашық дереккөзден

Түркіменстан Республикасынан келген қандастар солтүстік облыстарға барудан бас тартып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К порталына сілтеме жасап. 

Шілде айында Түркіменстан Республикасынан 800-ге жуық қандас Қазақстанға қоныс аударған. Алайда алыстан жеткен ағайындар Маңғыстау облысында тұруға ниет білдіріп отыр. Бірақ Үкімет қаулысы бойынша бекітілген шешімге сәйкес олар еліміздің солтүстігіндегі облыстың бірін таңдауы тиіс.

Атамекенге табаны тиіп қатты қуанғандардың бірі Айтбибі Кенебаева "Маңғыстауда барлық ағайындарымыз тұрады" дейді. Бірақ олар Қазақстанның солтүстігіне барып тұруға аса ықтиярлы емес.

"Біз Маңғыстаудың тумасымыз. Атақонысымызға оралдық. Енді осы жерде заңды түрде тіркеліп, біржола қалғымыз келеді. Зейнеткермін. Бастапқыда бізге "Маңғыстауда қаласыңдар" деген еді. Осында келу үшін әр баламызға елшілікке 50 доллардан төледік. Маңғыстауға келген соң "Павлодарға барасыңдар" деп отыр. Түркіменстанда елші бізбен дұрыс сөйлеспеді. Барымызды сатып, елге келіп отырмыз", — дейді Айтбибі Кенебаева.

Маңғыстау облысымен шектесетін Түркіменстаннан көшіп келген 85 жастағы Тұрды Жамауова денсаулығына байланысты Павлодар облысына бара алмайтынын жеткізді. Қартамыс жан қоныс аударудағы мақсатымыз ағайынға жақын отырсақ деген игі ниет еді дегенді алға тартты.

"Түркіменстаннан Қазақстанға зорға жеттік. Бізге "солтүстікке барасыңдар" деп отыр. Бар туысымыз осында тұрады. Түркіменстанда қалған балаларым да кеше зорға жетті. Біз солтүстікке бара алмаймыз, оған денсаулығым жоқ. Осы жақта қалып, Маңғыстауда ағайынның арасында тұрғымыз келеді", — дейді Тұрды Жамауова.

Наразы топтың әңгімесіне қатысты Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопанов өз ойын білдірді. Оның сөзінше, қандастардың мәселесі Үкімет деңгейінде шешіледі. Ал олардың тұрғылықты жерін таңдауды Маңғыстау облысы деңгейінде шешу мүмкін емес көрінеді.

"Осыған дейін қандастарымызбен бірнеше рет кездесіп, түсіндіріп айтылды. Бұл жағдай облыс деңгейінде шешілмейді. 17 шілдеде 758 қандас Түркіменстан республикасынан көшіп келді. Үкіметтен қабылдап отырған шешім бойынша құжаттарына қойылған облыстарға баруы қажет. Егер бармаған жағдайда 2 ай ішінде тұрақты тіркеуге тұрмаса, депортация жасау көзделген. Азаматтардың да өз уәждері бар. Жалғызбасты аналар, зейнеткерлер бар. Облыста сол азаматтардың мәселесін арнайы құрылған комиссия қарайды. Осы аптаның аяғында комиссия мәселені қарастырады. Қазірдің өзінде бізге 50-ге жуық ұсыныс түсті", — деді Әсет Шопанов.

Басқарма басшысы отбасылы, жұмысқа қабілетті азаматтар құжаттарында көрсетілген Қостанай, Павлодар, Абай облыстары секілді өңірлерге баруы керек дегенді жеткізді. Аталған облыстарда еңбек күші аз өңірлер болып саналады. Бұл Үкіметтің қаулысымен айқындалған.

"Солтүстік облыстарда үймен қамту, тағы басқа әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Керісінше Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында еңбекке қабілетті адамдар саны жеткілікті болғандықтан бұл аймақтарда тіркеуге алынбайды", — деді Әсет Шопанов.

Атамекенім деп келген қандастар Маңғыстауда ағайынмен бірге көгерсек дейді. Алайда солтүстікке қарай көшпесе, олар заң бойынша келген жағына депортациялануы әбден мүмкін. Ал Түркіменстанда тұрған кезде оларға Қазақстанның тек бес облыcының бірін тұрғылықты мекен ретінде таңдауға мүмкіндік берілген көрінеді.

Серіктес жаңалықтары