$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында былтыр жемқорлық қылмысы 30%-ға өскен

Жемқорлық құқық бұзушылықтардың көбі әкімдіктердің қызметкерлерімен жасалған

Түркістан облысында былтыр жемқорлық қылмысы 30%-ға өскен
Фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратураның мәліметі бойынша 2019-2021 жылдар аралығында Түркістан облысында  сыбайлас жемқорлықтың 364 фактісі тіркелген. Былтыр жасалған жемқорлық қылмыс саны 30%-ға өскен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы кезінде кеңес мүшесі Дидар Смағұлов мәлімдеді.

«Жемқорлық құқық бұзушылықтардың көбі әкімдіктердің қызметкерлерімен жасалған – 62, (мемлекеттік кірістер қызметкерлерімен – 17 және ішкі істер органдарының қызметкерлерімен – 16.) Мысалы, Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Р.Бектаев пен осы басқарманың лицензиялау бөлімінің басшысы Т.Тасболат Түркістан қалалық сотының үкімімен сотталды, олар бір топ адамға барлау қызметін жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия бергені үшін бірнеше рет пара алған», - дейді Дидар Смағұлов.

Оның айтуынша, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ директоры Е. Төрехан орманшылар кеңсесін ағымдағы жөндеу бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстар туралы актіге қол қойғаны үшін 4 миллион теңге көлемінде пара алған.

Түркістан қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары «Түркістан қ. жолдарды жөндеу» объектісі бойынша нақты аяқталмаған жұмыстар үшін «Санкт-Астана» ЖШС-не негізсіз ақша аударып, 44 045 900 теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды.

Түркістан қаласы әкімі аппаратының құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғалары Құлыншақ балабашшасына тауарлық-материалдық құндылықтарды (дизельдік электр станциясы, өртке қарсы қалқан, кептіргіш машина және т.б.) сатып алуға бөлінген қаражатты жалған құжат рәсімдеу арқылы жымқырғаны үшін сотталды, соның негізінде мемлекетке 11 065 687 теңге залал келтірген.

«Түркістан облысында жемқорлық денгейі жылдан жылға артып келеді. Бұл ретте әкімдіктердің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялардың жұмысы белсенді болуға тиіс. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жол жөндеумен айналысатын компания директорынан сенімді адамдары арқылы 42,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Кентау қаласының бұрынғы әкімі Д.Махажанов 10 жылға сотталды. Жоғарыда аталған фактілерді ескере отырып, Кентау қаласының басшылығына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту қажет», - деді дейді Дидар Смағұлов.

Серіктес жаңалықтары