«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарына барды
Атырау облысына қарасты Исатай ауданында қабылдауға 30-дан астам адам келді
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аймақтарға сапары жалғасуда. Партия мүшелері Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарына барды. Қабылдауға бір күнде 60-қа жуық азамат келіп, 4 шалғай елді мекен қамтылды. Бұл туралы Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тұрғындары «AMANAT» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдеріне сумен қамту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікті қолдау секілді мәселелер бойынша жүгінді.
Антоновка ауылының тұрғыны Ирина Екименко жаңа су құбырын салу мәселесін көтерді.
«Ауылдағы су құбыры 80-ші жылдан бері бар. Оның 90 пайызы тозығы жетті. Мен қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарласқан соң, екі айдан кейін жобалау-сметалық құжаттаманың дайын болатыны, ал қараша айында бюджеттен ақша сұралатыны туралы жауап алдым», - деп атап өтті Ирина Екименко.
Атырау облысына қарасты Исатай ауданында қабылдауға 30-дан астам адам келді. Өзекті мәселелердің қатарында жол жөндеу, ауылдарды абаттандыру және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы бар.
Тұщықұдық ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер Бағила Ибрагимова автокөлік жолы арқылы малға арналған өткел салу мәселесі бойынша өтініш білдірді.
«Мен «AMANAT» партиясына ауыл тұрғындарының атынан келдім. Біздің ауыл арқылы өтетін Атырау-Астрахань тас жолын қайта жөндеуден өтуіне байланысты малға арналған өткел қажет. Оған лайықты орын да дайын. Алайда, бізді толғандырған мәселенің аяқсыз қалмай, бақылауда болғанын қалаймыз», - деді ол.
Жергілікті тұрғын Қалидолла Қадыров аманаттықтарға жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі бойынша шағымын айтты.
«Жақын маңдағы өзек аумағында су жоқ. Сондықтан су мен шөп іздеп көрші ауылдарға мал айдап кетуге тура келеді. Біз ауылда мал жаятын және суаратын орын болғанын қалаймыз. Кейбір жерлерді жеке шаруашылықтар жекешелеп қоршап алды. «AMANAT» партиясы бұл мәселені республика деңгейінде көтеріп отыр. Сондықтан біз бұл мәселенің оң шешімін табатынына сенімдіміз», - дейді ол.
«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Әлия Садырбаева 4 шілдеде шалғай елді мекендерге сапардың екінші кезеңі басталғанын атап өтті.
«Бірінші кезең 14 наурыз бен 14 маусым аралығында өтті. Екінші кезең кезінде 131 ауылдық округте болып, мыңға жуық адам қабылдады. Мәселелердің 25%-ы дер кезінде оң шешімін тапса, қалғандары бақылауға алынады», - деді Әлия Садырбаева.
Еске сала кетейік, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 91 мыңнан астам адам жүгінді. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 18 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 46 мыңнан астам адам қабылданды.