$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жетісайда 10 жыл бұрын ғана салынған мектеп апатты жағдайда тұр

Осы уақытта 250 бала оқитын білім ұясының қабырғалары сөгіліп, едені ортасына түскен

Жетісайда 10 жыл бұрын ғана салынған мектеп апатты жағдайда тұр

Жетісай ауданы Жетіқазына ауылында 10 жыл бұрын берілген мектеп жарамсыз күйге түскен. Биыл білім ордасы апатты деп танылған. Ондағылардың сөзінше, салынған соң бір жылдан кейін-ақ мектептің қабырғалары жарыла бастапты. Ал іргетасы отырған соң, екі жыл бұрын ғимараттың бір бөлігін жауып тастаған. Дегенмен, аудандық білім бөлімі бұл мектепке оқушыларды биыл да қабылдаймыз деп отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Әбілхан Қастеев атындағы орта мектеп осыдан 10 жыл бұрын ғана салынған. Алайда, осы уақыт ішінде 250 бала оқитын білім ұясында қабырғалар сөгіліп, едені ортасына түсіп кеткен. Мердігер мекеменің жұмысшылары жарықтарды құрылыста қолданылатын көбікпен бітеп әлек. Қауіпті болған соң мектептің бір бөлігін жауып, балаларды ғимараттың екінші жартысында ғана оқытып келген екен. Мектеп өкілдерінің сөзінше, олар құрылыс компаниясын жылда шақыртатын көрінеді.

«Фундамент жарты метрге отырды ғой. Мына жағы бар, мына жағы бар, өзім ішінде жүрмін. Қорқатындай болып отырмын. Қабырғалар жарылып жатыр, сөгіліп. Бір жерін жамасақ, екінші жері кетіп жатыр. Ол жерді жамасақ, басқа жағы кетеді», – дейді мектеп жұмысшысы Молдатілеу Санаев.

Биыл мектеп басшылығы техникалық сараптама жүргізген. Мамандар мектепті апатты деп танып, сүру керек деген қорытынды шығарған. Десе де, аудандық білім бөлімі мектепті салған мердігерге күрделі жөндеуді тапсырып, бұл жерге биыл да оқушыларды қабылдаймыз деп отыр.

«2022 жылғы шілде айында алынған техникалық қорытындыда бұл мектеп апатты жағдайда екені айтылды. Жөндеу жұмыстарына өте көп қаржы кететінін және соған орай оны апатты деп тану туралы шешім қабылданған. Мердігер тарапынан жөндеу аяқталған жағдайда мектепке жұмысқа кірісеміз», - деді Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев.

Жетіқазына ауылының тұрғындары балаларын апатты мектепке жіберуге үрейленіп отыр. Олар тіпті көрші ауылдарға барса да, балаларының қауіпсіз жерде білім алғанын қалайды. Сол себепті жасалған жөндеу жұмысының сапасын құзырлы орындар тағы да тексерсе екен дейді.

Серіктес жаңалықтары