Hyundai-дың Ресейдегі зауыты жабылды: Қазақстанға көлік қай елден жеткізіледі?
Қосалқы бөлшектер бұған дейін біздің зауыттарға Санкт-Петербург қаласынан жеткізілген
Таяуда «Астана Моторс» компаниясының баспасөз қызметі Қазақстанда Hyundai Accent және Hyundai Creta модельдерін шығару уақытша тоқтағанын мәлімдеген болатын. Зауыттың тоқтауына Ресейдегі геосаяси жағдай әсер етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Автомобиль блогері Олжас Оқастың айтуынша, біздің елде енді Hyundai компаниясының бөлшек жеткізу бағыты өзгереді.
«Hyundai Accent және Hyundai Creta модельдерінің қосалқы бөлшектері бұған дейін біздің зауыттарға Санкт-Петербург қаласынан жеткізілген еді. Енді көрші елдегі геосаяси жағдайға байланысты зауыт жұмысы тоқтап қалды. Соған сай бізде де аталған модельдер шығарылмайды. Нарықта аталған модельдерді алмастыру үшін Hyundai Bayon, Hyundai i20 модельдерінің қосалқы бөлшектері Түркиядан келетін болды. Hyundai Bayon-ның бағасы Hyundai Creta-дан арзан болмаса қымбат болмауы тиіс», - дейді автокөлік сарапшысы.
Оның сөзінше, осыған дейін Қазақстанда құрастырылып келген Hyundai Accent пен Hyundai Creta-ның біздегі зауытта енді құрастырылмауы автонарыққа еш әсер етпейді. Оның орнын өзге топтамалар алмастырады.
«Жасыратыны жоқ, қазір салондардан таңдап жүріп қалаған моделіңізді алу мүмкін емес. Шетелден бөлшектердің уақытында келмеуі, доллар бағаның құбылмалығы алдағы уақытта көлік бағасының қымбаттауына әсер етуі мүмкін. Тек Қытайдың автокомпанияларында ғана кідіріс жоқ. Hyundai компаниясының екі моделі шығарылмайды деп отандық автоөндіріс тұралап қалады деуден аулақпын»,- дейді Олжас Оқас.
Айта кетерлігі, Ресей Федерациясынан компоненттер көктемде тоқтатылған болатын.
«Осы уақыт ішінде кәсіпорын қордағы бөлшектермен жұмыс істеді, сондай-ақ Hyundai Motor Company-мен басқа елдерден компоненттерді жеткізуге шұғыл квота туралы келісті. Қазіргі уақытта одан әрі жеткізу және жаңа логистикалық тізбектер туралы мәселе пысықталуда. Қолда бар барлық компоненттер игерілді. Жақын арада Ресейден жаңа жеткізілімдер күтілмейді», - деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі.
Дилерлік орталықтардың менеджерлері Hyundai Accent пен Hyundai Creta-ны күтетіндерге кезекте тұруды және модельдер өндірісінің қайта басталуын күтуді немесе басқа Hyundai моделіне кезекке тұруды ұсынады.