ҚМДБ мешіт әдебін сақтамаған қызға қатысты түсініктеме берді

Azattyq Rýhy

Күзетшілер оны мешіт ауласынан шығаруға мәжбүр болған

ҚМДБ мешіт әдебін сақтамаған қызға қатысты түсініктеме берді
Фото ашық дереккөзден

ҚМДБ мешіт әдебін сақтамаған қызға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚМДБ жанындағы Республикалық Бас мешіттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

21 тамызда сағат 18:48-де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Республикалық Бас мешітке келген қыз құлшылық үйінің ішкі тәртібі мен әдебін өрескел бұзып, имам жұмысына, намаз оқушылардың құлшылығына кедергі келтірді.

«Дін қызметкерлері оған мешіт әдебі туралы түсіндірді. Алайда имам кеңесіне бағынбаған ол «мен Мәһдимін, оны осы жәрде дәлелдеуім керек» деп қарсылық танытқан. Мешіт қызметкерлері ер азаматтар намаз оқитын орынға әйелдердің келуіне болмайтынын жеткізіп, оны сыртқа шығаруға мәжбүр болады. Ол мешіт ауласында ерсі әрекеттер жасап, күзетшілердің ескертуіне құлақ аспаған. Күзетшілер оны мешіт ауласынан шығаруға мәжбүр болған», - делінген хабарламада.

Мешітте әдеп сақтамаған қыздың жеке тұлғасына қатысты мәлімет жоқ. Осы ретте ҚМДБ мешітке келуші азаматтарды құлшылық үйінде қарапайым адамгершілік әдептерді сақтауға шақырады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.