Түркістанда ҰҚК-ға жұмысқа орналастырамын деп танысынан 4 млн теңге алған күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір өңірде қылмыстың өршіген түрі – алаяқтық

Фото ашық дереккөзден

Түркістан қаласында қызын ҰҚК-ға жұмысқа орналастырмақ болған әйел танысына алданып қалды. Бұл туралы Azattyq Ruhy облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір өңірде қылмыстың өршіген түрі – алаяқтық. Сондықтан да облыс полицейлері қылмыстың алдын алу мен болдырмау жұмысын жүйелі түрде жүргізуде.

Атап айтсақ, Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын әйел арызданып, қызын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмысқа тұрғызып беремін деп танысы 4 млн теңгесін алдап алып кеткенін көрсеткен. Алайда екі жыл бойы уәде етілген жұмыс та болмаған, не ақша да иесіне қайтпаған.

Аталған жайтты түркістандық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Түркістан полицейлері жедел-іздестіру жұмысын жүргізіп, күдікті деп танылған жергілікті тұрғынды анықтады.

Орта жастағы күдікті ер адамның жәбірленушіні алдап, ақшаны өзіне алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде.