Алматыда несие қарызы бар жүздеген мың адамға банкроттық жариялануы мүмкін
451 мыңнан астам азаматтың 90 күннен астам уақыт төленбеген несиесі бар

Алматы қаласының тұрғындарына жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімдері түсіндірілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қазіргі уақыттың өзінде тек Алматы қаласының 1 млн-нан астам тұрғындарының несиесі бар.
«Оның ішінде 451 мыңнан астам азаматтың 90 күннен астам уақыт төленбеген несиелері қордаланып қалған. Сондықтан азаматтардың арасында жеке тұлғалардың банкроттығын жариялау туралы рәсімдерге қызығушылық танытқандар көп», - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Бұл туралы Алматы қаласында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың банкроттығын жариялау туралы заң жобасының басты ережелерін түсіндіруге арналған конференциясында белгілі болды.
Шараға қатысқан 200 қатысушының ішінде: жеке тұлғалар, қаржылық кеңесшілер, әкімшілер және мүдделі мемлекеттік органдар мен банктердің өкілдері болды. Кездесу барысында спикерлер бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан заң жобасының негізгі ережелерін түсіндірді. Олар, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, 3 түрлі рәсімдерді енгізуді қарастыратынын атап өтті.
Бірінші рәсім: соттан тыс банкроттық, оны азаматтар келесі жағдайларда қолдана алады:
- банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш, борыш сомасы 4,9 млн. теңгеден (1600 АЕК)аспауы тиіс;
- ресми табыс жоқ немесе табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспаса (оның ішінде асырауындағы адамдар (отбасы мүшелері) да қоса есептеледі, ол адам басына 36018 теңгені құрайды.
Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауға тиіс және банкпен борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізу қажет.
Соттан тыс банкроттықты тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
Екінші рәсім: сот банкроттығын азаматтар 4,9 млн.теңгеден астам қарыздар бойынша және борыштың қалған түрлері бойынша қолдана алады.
Осы рәсім барысында борышкердің мүлкі болған жағдайда, ол сауда-саттықта өткізілуге жатады.
Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі.
Үшінші рәсім, бұл тұрақты табыс болған жағдайда, сотта қарыздарды төлеуге (5 жылға дейін) бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін көздейтін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Ол үшін екі тараптың (борышкер мен кредитордың) келісімі қажет.
Азаматтар өздерін банкротпыз деп жариялағаннан кейін келесідей шектеулердің қойылатындығы ескертілді:
1) 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу көзделген;
2) азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады;
3) банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделген.
Сондай-ақ, жобада азаматтардың банкрот деп танылған күннен бастап бір жыл ішінде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан міндетті түрде өтуі көзделген.
Азаматтардың ұсыныстары заң жобасына байланысты Мәжілістегі алдағы талқылау барысында қарастырылмақ екен. Осы аптаның соңына дейін осындай іс-шара 18 тамыз күні Талдықорғанда және 19 тамыз Түркістан қаласында өтеді.
Іс-шара соңында лекторлар конференция қатысушыларының барлық сұрағына жауап берді.
Айта кетсек, қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша 7,4 миллион адамның белсенді несиесі бар. Оның ішінде азаматтардың 12 триллион теңге қарызы бар.