Орал тұрғыны өз үйінде есірткі зертханасын ашқан
қазір бұл факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр
Орал қаласының тұрғыны өз үйінде қарасора өсіретін жылыжай мен зертхана ашқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
БҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 51 жастағы ер адамның тұрғылықты жерінен заңсыз бақшаны анықтады.
Ол өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді өсіру үшін үйінің ауласына арнайы жабдықтар орнатып, тыңайтқыштар сатып алған.
«Үйдің ауласынан жасырын қоршалған бөлме табылды, оның ішінде қарасора тәрізді өсімдіктері бар бес пластикалық контейнер болды. Сондай-ақ гаражда наркозертханаға жабдықталған жасырын жертөле үй-жайын анықтадық. Қабырғалары арнайы материалмен қапталған, жарықтандыру өсімдіктерді өсіруге арналған жарықдиодты және жылу шамдарымен жабдықталған, сору жүйелері, градустық құрылғылары бар ауа ылғалдандырғыш орнатылған. Тінту кезінде қарасора тәрізді өсімдік бұталары, белгілі бір иісі бар жасыл өсімдік тектес зат, қарасора тұқымын орау, электрондық таразы, өсімдіктерді өсіруге арналған түрлі тыңайтқыштар тәркіленді. Тиісті сараптама тағайындалды, – деді БҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Әнуар Халелов.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 300-бабы 1-бөлігімен (Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.