440 мың оқушыға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алу үшін бюджеттен ақша аударылады
Биыл әр оқушыға кем дегенде 37 389 теңге қаржы қарастырылған
Жаңа оқу жылы қарсаңында 150 мыңға жуық отбасына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алу үшін бюджеттен қаржы аударылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
150 мыңға жуық отбасы балаларын мектепке дайындау үшін мемлекеттен қаржылай көмек алып үлгерді. Бұл көмекті әлеуметтік осал санаттағы 440 мыңнан астам бала алады.
Биылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі материалдық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізді. Бұған дейін өңірлерде бөлінген сома 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін болса, биыл бұл сома ұлғайтылып, кемінде 37 389 теңгені құрап отыр.
«Сондай-ақ көмек көрсету тетігіне де өзгерістер енгізілді. Енді ата-аналарға мектеп формасын, аяқ киім, кеңсе тауарларын және т.б. балаларымен бірге таңдап, сатып алуы үшін жеке шоттарына ақша аударылады. Бұрын мұның барлығын әкімдіктер сатып алатын және ол тауарлардың өлшеміне, сапасына және т.б. байланысты мәселелер туындайтын»,- делінген Оқу -ағарту министрлігінің хабарламасында.
Жалпыға бірдей білім беру аясында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға және т.б. көрсетіледі.