Ақтөбеде мас келіншек нәрестесін көшедегі орындықта ұмытып кеткен
Қазір бала «Үміт» сәбилер үйінде

Ақтөбеде жас келіншек сегіз айлық баласын көшеде ұмытып кеткен. Шырқырап жылаған баланы түннің ортасында қала тұрғыны тауып алып, полицияға әкеліпті, деп хабарлайды astanatv.
Куәгерлердің айтуынша жас ана мас болған көрінеді.
Құрбысымен кездесіп әңгімелескен соң, отырған жерінде баласын қалдырып кеткен дейді. Ал полицияға ол басқаша ақталған.
«Ол түнде дүкен іздеп тамақ алуға бара жатқанын айтқан. Баласын жаңағы жерге тастап кеткен», - деді Ақтөбе қалалық №3 ПБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор Қарлығаш Барлықова.
Полиция мәліметінше, әйел-жалғызбасты, тұрақты жұмысы жоқ. Сол маңда пәтер жалдап тұратын көрінеді. Қазір бала «Үміт» сәбилер үйінде.
«Негізі дені сау, негізі мамасын емген бала. Енді балаға қарасаң күтім көрген сияқты. Тап таза денесінде ешқандай жарақаты жоқ», - деді «Үміт» сәбилер үйінің аға тәрбиешісі Гүлбарам Нұрпейісова.
Жас ана ертеңіне, есін жиған соң баласын іздеп келіпті. Бірақ, сәби анасына беріле ме, жоқ па, оны қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия шешеді.