АҚШ-та COVID-19-ға қарсы вакцинаның 135 млн дозасы жойылатын болды
Мамандар вакцинаның сапасы стандартқа сәйкес келмейтінін анықтаған
Балтимордағы Emergent BioSolutions зауытында Johnson & Johnson компаниясы үшін шығарылған коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 135 млн жуық дозасы жойылатын болды. Бұл туралы Azattyq Ruhy Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жойылатын вакцина 2021 жылдың тамызынан биылғы жылдың ақпан айы аралығында шығарылған. Johnson & Johnson компаниясының мәлімдеуінше осы уақыт ішінде шығарылған вакцина сапа стандартына сәйкес келмейтін болып шықты.
Өткен жылы аталған зауытта COVID-19-ға қарсы Johnson & Johnson және Astra Zeneca мен Оксфорд университетінің бірлескен вакцинасы шығарылған. Зауыт қызметкерлері екі вакцинаның компоненттерін шатастырып алғаны анықталды. Соған байланысты АҚШ азық-түлік өнімдері мен медикаменттер сапасын санитарлық бақылау басқармасы /FDA/ 2021 жылдың сәуірінде Emergent BioSolutions зауытында вакцина шығаруды тоқтатуды талап етті. Тек 2021 жылдың тамыз айында ғана жұмысты жалғастыруға қайтадан рұқсат берілген.
Алайда Johnson & Johnson рұқсат етілгеннен кейін шығарылған вакциналар да нарыққа жіберілмегенін және Emergent BioSolutions-пен келісімшарттың бұзылатынын мәлімдеді.