Атырау облысында сұйытылған газ бағасы 50 теңге болып бекітілді

Azattyq Rýhy

2022 жылдың соңына дейін бұл баға өзгеріссіз қалады

Атырау облысында сұйытылған газ бағасы 50 теңге болып бекітілді
фото: turkystan.kz

Атырау облысында сұйытылған газдың шекті бөлшек саудадағы бағасы 1 литр үшін 50 теңгені құрайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәлімдеуінше, Атырау облысында 95-ке жуық автомобильге газ құю станциясы бар және 29 ұйым сұйытылған газды сатуды жүзеге асырады.

«ҚР Энергетика министрлігі өндіруші зауыттардың шығындарын ішінара өтеу мақсатында шекті көтерме бағаны тоннасына 33 600 теңге (19,7 теңге/литр) деңгейінде бекіту туралы бұйрық қабылдады, бұл сұйытылған мұнай газын (СМГ) өндірушілер мен өткізушілер арасында кірістерді әділ бөлуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ СМГ өндіру зауыттарын ынталандыруға мүмкіндік береді», - деп көрсетті министрліктің баспасөз қызметі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған газдың бағаларын мемлекеттік реттеуді сақтап қалды және 2022 жылдың соңына дейінгі мерзімде сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағаларын бекітті, оған сәйкес Атырау облысындағы сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 50 теңгені құрайды.

2021 жылы өңірде сұйытылған мұнай газын тұтыну шамамен 50 мың тоннаны құрады. 2022 жылдың 7 айында шамамен 36 мың тонна тұтынылды.

Ведомство басшысы Энергетика министрлігі ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып және бағаның алыпсатарлық өсуіне жол бермей, СМГ-ны облыстар бойынша бөлуді реинжинирингтеу бойынша шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.