«Жастар рухы» жастар қанаты жаңа зияткерлік ойынның тұсауын кесті
«QUIZ» интеллектуалдық ойыны ай сайын өткізілмек
Биыл "Жастар Рухы" жастар қанатының бастамасымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 177 жылдығы мен 12 тамыз Халықаралық жастар күніне орай «QUIZ» интеллектуалдық ойыны өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жастардың білімін шыңдап, зияткерлік қабілетін дамыту мақсатында «QUIZ» интеллектуалдық ойыны енді, ай сайын өткізілмек. Жастар рухының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ойынның ережесі мен қатысуға өтініш білдіруге болады. Топтық жарысқа қойылатын талап та, сайыста түсетін тың тақырыптар да ұдайы өзгеріп отырады. Бұл жолы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күнімен тұспа-тұс келгендіктен, жарыстың тақырыбы хәкім Айбайға, оның шығармаларына бағытталған.
«Бұл әрине, бастамасы. Білектің емес, білімнің күші сыналатын заманда неге жастардың басын қосып ой жарыстырмасқа деп, бастама бастадық. Бұл туралы ақпаратты тек өзіміздің әлеуметтік желіге жариялаған күннің өзінде, санаулы күнде елуге жуық жас қатысуға ниет білдірді. Бұл интеллектуалдық ойынның мақсаты - жастар арасында Абайдың қалдырған мұрасын кеңінен насихаттау және жастар күнінде жастардың зияткерлік қабілетін шыңдау. Бұл жобаның жас ерекшелігі 16-35 жас аралығы деп алдық. Бірақ, бұл ойын әрі қарай қолдауын табады деген ойдамыз және жас ерекшеліктеріне қарай екі санатқа бөлеміз. Тағы бір айта кетерлігі, бұл интеллектуалдық ойын топтық жарыс түрінде өтеді. Яғни, команда ретінде қатысуға болады»,-деді «Жастар Рухы» ЖҚ АҚФ төрағасы Әкежан Кеңесов.
Фотода «Жастар Рухы» ЖҚ АҚФ төрағасы Әкежан Кеңесов
Бір топта кем дегенде 5 қатысушы болуы керек. Командалық есепте топ жарғандарға бағалы сыйлықтар да қарастырылған.
«Бұл ойынға кез-келген адам қатыса алады. Бірақ, кем дегенде командада 5 адам болуы қажет. Адам саны толық емес команда жарыстан тыс қалады. Жалпы өз тарапымыздан сыйлықтар болады: кітаптар, түрлі курстарға тегін сертификаттар беріледі. Жалпы тақырып әр ойынға әр түрлі беріледі. Мысалы, бүгінгі ойындағы тақырып ол - Абай күні мен Жастар күні. Яғни, сұрақтар осы бағытта болады. Ал алдағы уақытта болатын интеллектуалдық ойындарда тақырып ауысып отырады. Келесі жолы ойынды қыркүйек айында Қала күніне орай ұйымдастыру жоспарланып отыр»,-деді «Жастар Рухы» ЖҚ АҚФ төрағасы Әкежан Кеңесов.
QUIZ интелектуалдық ойынының алғашқы қатысушылары жобаның өміршең болғанын қалайды.
«QUIZ интелектуалдық ойыны туралы инстаграмм парақшасынан көріп, бірден қатысайын деп шештім. Жалпы ойын туралы айтатын болсам, 4 команда қатыстық. Өте жоғары деңгейде өтті. Сыйлықтар да ерекше болды. Бірінші орын алған командаға камера сыйлады, ал менің командама Чарльз Монтгомеридің “Бақытты қала” атты кітабын тарту етті. Бәсекелестерім өте жақсы ойнады, ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Елімізде бұндай ойындардың болғаны жақсы деп ойлаймын. Сұрақтар арқылы тарихтағы ұмытылып кеткен дүниелердің жауаптарын білдік. Жастарға үлгі өнеге беретін ойын деп есептеймін. Біз қазақ халқы өзіміздің дана тұлғаларамызды, тарихымызды білмесек, өзіміздің миссиямызды орындай алмаймыз деп ойлаймын»,-дейді QUIZ интелектуалдық жобасының қатысушысы Нұржайна Болатқызы.
Фотода QUIZ интелектуалдық жобасының қатысушысы Нұржайна Болатқызы
Айта кету керек, ойын қазіргі уақытта тек қана оффлайн режимде өтетіндіктен, әр түрлі өңірден қатысатын жастардың Алматыға келуі қажет.