Тұрғындар аталған көшенің тең жартысына асфальт төселмегенін айтады
Түркістанның әкімі Нұрбол Тұрашбеков халыққа берген есебінде асфальт салынды деп жұртқа жария еткен кейбір көшелері әлі күнге дейін тастақ күйінде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Халықпен биылғы жылдың 26 қаңтарында өткен қорытынды кездесуде есеп берген қала басшысы Түркістандағы Келес, Балқаш, Есіл көшелері асфальт жабындысымен көмкерілді деген. Қала басшысы әкімдіктің ресми парақшасында да Келес көшесі түгелдей асфальттанды деп мәлімет берген. Бірақ семіртіп айтқаны, арық болып шықты. Тұрғындар аталған көшенің тең жартысына асфальт төселмегенін айтады. Үш шақырымдық жолы бел ортасынан тастақ күйінде жатыр. Дұрыс мәлімет бермеген шенеуніктердің әрекетін ел түсінбей дал. Ал мамандар әкімге шаң жұқтырар емес. Олардың сөзінше, қала әкімі өз есебінде асфальт жүргізу жұмысы толық аяқталды деп айтпаған көрінеді. Халық алдындағы мәлімдемеде «жартылай» деген сөз қалып кетуі мүмкін деп отыр.
«Сарқынды сүй жүйесі толық жүргізілмегендіктен 2021 жылы тек жаңағы сарқынды су жүйесі жүргізілген аумаққа ғана асфальт жабындысын салу жоспарланған болатын. Әкімнің есебінде ол жерде толықтай аяқталды демеген, Келес көшесіне асфальт жабындысы төселінді деп көрсетілген», - деді Түркістан қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Оспан.