Елімізде әлеуметтік азық-түлік бағасы 18,2 пайыз қымбаттаған

Azattyq Rýhy

Өнім құны шарықтаған өңірлер көшін Қонаев қаласы бастап тұр

Елімізде әлеуметтік азық-түлік бағасы 18,2 пайыз қымбаттаған
Фото ашық дереккөзден

Елімізде әлеуметтік азық-түлік бағасы 18,2 пайыз қымбаттаған. Ал соңғы бір айдың өзінде 0,8 пайыз өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

19 түрлі азық-түліктің ішінде ең қымбаты пияз, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы. Ресми статистикамен айтсақ өнім құны шарықтаған өңірлер көшін Қонаев бастап тұр. Шаһарда пияз келісінің орташа бағасы 288 теңге. Жезқазғанда 230 теңгеге сатылып жатыр. Қарақұмық жармасы болса, Қонаевта  – 594 тң, Атырауда - 556 тң. Ал күнбағыс майының 1 литрі үшін Қонаевта – 961 тң, Алматыда  – 879 тң, Түркістанда – 870 теңге төлейсіз.  Елімізде жыл басынан бері алғашқы қажетті азық-түлік бағасы 18,2 пайыз қымбаттаған. Ал, соңғы бір айда баға -  0,8 пайыз өсіпті. Қымбатшылық бәрінен бұрын қарапайым халықтың қалтағысын қағып жатыр. Жалақыны жеткізе алмай, тиын санап қалдық дейді елордалықтар.

«Негізінен баға көтеріліп жатқаны рас. Кейде ақша болмай қалады.  Қолымдағы заттар 2500 теңге болды. Бұрын 1000-1500 теңгеге алатынмын. Шамасы сол 1000 теңгеге өскен ғой», – деді қала тұрғыны Мәулен Салбеков.

«Біраз қымбаттаған. Былтырғы жазда көп затты 1000 теңгеге алатынбыз. Қазір 1000 теңге деген 10 теңгедей болып кетті.  Тек көкөніс алу үшін 50000 теңге жұмсаймыз. Ет, сүтіңді қоспағанда», – деді қала тұрғыны Марал Шыманқызы.

Шарықтаған бағаны тұсаулауға жауапты министрлік шаралар қабылдап жатырмыз деді. Ақпарларынша, өңірлерде мониторинг тобы құрылған. Қазір қорда сиыр еті, құс еті, ұн, картоп, сүтті қоса алғанда, 680 мың тоннадан астам негізгі азық-түлік тауары бар. Ішкі нарықты бидайдың, қанттың және тұздың қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар атқарылмақ.

«Жыл басынан бері 132 комплекс-келісім жасалды, оның ішінде сауда үстемесін 15-тен 10%-ға дейін төмендету қарастырылған. Сауда саласындағы құқық бұзушылықтардың барлық фактілері бойынша тергеу жүргізілізіп жатыр. Өңірлерге келетін болсақ, бір айда ӘМАТ бағасының ең жоғары өсуіне Ұлытау (1,5%), Қарағанды (1,4%) және Қостанай облысы (1,3%) жол берген», – деді ҚР СИМ ресми өкілі Әлішер Өмірзақ.

Экономист Меруерт Махмұтова елдегі жағдайды экспортқа тәуелділікпен байланыстырады. Біз қазір нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге қауқарсызбыз. Шеттен келетін өнім нарықтағы бағаны шарықтатып тұр дейді.

«Субсидиямен шешеміз,  бәрі – бос сөз. Өндірісті дамытпағанша шектеліп отырады. Сондықтан пандемия кезінде ішкі нарықтағы тауарлардың шектілігі білінді. Шекара жабылғандықтан», – деді экономист Меруерт Махмұтова

Қымбатшылықтың бір себебі өндіруші мен түпкілікті тұтынушы арасындағы делдалдардың көптігі дейді министрлік өкілі. Айтуларынша, артық табыс тауып қалуды көздейтін кәсіпкерлерді анықтау үшін өңірлерде арнайы комиссия құрылған. Өткен аптада 40 мыңнан астам дүкенге рейд жүргізіліпті. Шекті бағаны шеттен тыс өсірген 734 дүкеннен анықталған.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.