Түркістан облысында қос азаматтықпен жүрген ер адам анықталды
Көші-қон заңнамасын бұзған әрбір адамға заңды шара қолданылады
Келес ауданы полиция бөлімінің полицейлері Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын тексеру кезінде, оның қос азаматтықты қабылдап, құжаттанғанын анықтады. Яғни ол Қазақстан азаматы бола тұра, 2015 жылы Ресей Федерациясына жұмыс істеу үшін барып, сол жақта үйленіп қалып кеткен. Осылайша Ресей Федерациясының төлқұжатымен құжаттанған. Бұл туралы Azattyq Ruhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алайда ер азамат заңға сәйкес бұл туралы мемлекетке хабар бермеген. Яғни ер адамның Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдағаны туралы елшілікке хабарлама келіп түспеген. Ал ҚР Конституциясында қос азаматтық көзделмеген.
Сондықтан полиция қызметкерлері ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 2-бөлігі «Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзуы» бойынша әкімшілік хаттама толтырып, іс-құжаттарды Келес ауданының сотына жолдады.
Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңнамасын бұзған әрбір адамға заңды шара қолданылатынын ескертеді.