$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қытай Тайвань бұғазында 10-нан астам баллистикалық зымыран ұшырды

Қытай бұл аумақта әскери жаттығуын үнемі жасап отыратынын айтты

Қытай Тайвань бұғазында 10-нан астам баллистикалық зымыран ұшырды
Фото ашық дереккөзден

Қытай Тайвань бұғазында өткізілген әскери оқу-жаттығулар енді үнемі қайталанып тұратынын мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.

Тайвань билігі өткен жексенбі күні Бейжің Тайвань бұғазындағы әскери жаттығуы арқылы аралға шабуыл жасады деп айыптады. АҚШ Тайваньды қолдап, Пекиннің арандатушылық және жөнсіз әрекет жасағанын мәлім етті. АҚШ Конгресінің спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға сапарынан кейін аймақтағы жағдай төрт күннен бері шиеленісіп тұр.

Осыдан кейін қытайлық БАҚ ресми дереккөзге сілтеме жасап, ел әскері қазір Тайвань мен материктік Қытай арасындағы кезінде бейресми теңіз шекарасы ретінде қабылданған орта сызықтың «Тайвань» жағында үнемі әскери жаттығулар өткізетінін хабарлады. Алайда бұл мәртебе ресми түрде еш жерде тіркелмеген және Бейжің бұл сызықтың нақты бір нәрсені міндеттейтінін жоққа шығарады. Олар шекара ретінде қабылданған орта сызықты өткен ғасырда америкалық әскери күштердің жауынгерлік қажеттіліктерін ескере отырып ойлап тапқан «қиял» сызығы екенін айтты.

Қытай жаттығуларының Тайвань бұғазында өткізіліп жатқанына төрт күн болды. Тайвань билігі ұшақтары мен кемелерін өздеріне тиесілі аумақты күзетіп, Қытай әскерінің шабуылына жауап беру жөнінде шешім қабылдады.

Бұл аймақтағы шиеленіс аптаның ортасында АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға бір күндік сапарынан кейін ушыға түскен еді. Қытай Тайваньды өзінің бөлінген аумағы ретінде қарайды. Ал АҚШ шенеуніктерінің сапары оған Тайвань аралындағы тәуелсіздікті қолдаудың көрінісі ретінде теріс әсер етеді.

Вашингтон Тайваньмен ресми дипломатиялық қарым-қатынаста емес, алайда АҚШ-тың заңына сәйкес Құрама Штаттар билігі аралға өзін-өзі қорғау құралдарын ұсынуы керек.

АҚШ Президенті Джо Байден мен мемлекеттің әскери күштері Пелосидің Тайваньға бару идеясын қолдамады, десе де Пелоси оларға бағынбайтынын және оған кедергі жасай алмайтынын атап өтті.

«АРАЛДЫ БАСЫП АЛУДЫҢ ЖОЛЫ»

Тайвань Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Қытай кемелері мен ұшақтары өткен демалыс күндері Тайвань бұғазына шабуыл жасап, кейбірі белгіленген орта сызықтан асып кеткен.

Ведомствоның хабарлауынша, бұрын-соңды болмаған әскери жаттығулар барысында Қытай Тайвань жағалауында 10-нан астам баллистикалық зымыран ұшырып, арал тұрғындарының зәресін алды.

Ел билігі мұны Тайвань жерін басып алудың жолы деп атады. Ал өткен жексенбі күні таңертең жергілікті билік өз ұшақтары мен әскери кемелерін шығарып, Тайвань билігі тиісті түрде әрекет еткендерін жеткізді.

Тайвань Премьер-Министрі Су Чжэнчан Қытай билігін аймақтағы жағдайды ушықтыру үшін сылтау ретінде әскери жаттығуларды менмендікпен пайдаланды деп айыптады және оларды модерацияға шақырды.

АҚШ ТАЙВАНЬДАҒЫ ҚЫТАЙДЫҢ ӘСКЕРИ ЖАТТЫҒУЛАРЫН СЫНҒА АЛДЫ

«Бұл әрекет – Қытайдың статус-квоны өзгерту әрекетінің айтарлықтай ушығуы. Олар арандатушы, ұқыпсыз және қателік қаупін арттырып отыр. Сондай-ақ әлемдік қауымдастық есептеген Тайвань бұғазындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі ұзақ мерзімді мақсатымыздан алшақтап отыр», - деді Ақ үй өкілі.

Қытай билігінің хабарлауынша, Тайвань бұғазындағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп Нэнси Пелосидің аралға баруынан туындап отыр.

Бейжің Тайваньды өз аумағының бір бөлігі ретінде санайды және аралды күшпен басып алмау жөнінде ресми түрде ешқашан уәде берген емес, бірақ Тайваньның өзіндік демократиялық үкіметі бар. Қытайдың егемендікке деген талаптарын қабылдамайды, аралдың болашағын тек оның халқы шеше алады деп мәлімдейді. Олар Қытай Коммунистік партиясының қол астында ешқашан өмір сүрмегенін айтады.

Тайвань аумағының тәуелсіздігін әлемдік көшбасшылардың қолдауы Қытайды ашуландырып отыр. Жұма күні Қытай билігі АҚШ-пен ынтымақтастықты бірқатар салаларда, соның ішінде жоғары лауазымды әскери жетекшілер арасындағы диалогты және климаттық келіссөздерді тоқтатып, Нэнси Пелоси мен оның отбасына жеке санкция салатынын айтты.


Фотода: Нэнси Пелоси мен Тайвань президенті Цай Инвэнь

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытайдың Бейжің мен Вашингтон арасындағы негізгі байланыс арналарын құлыптауын ойланбай жасалған қадам деп атады.

Нэнси Пелоси Қытай басшылығын, әсіресе адам құқықтарын сақтау мәселелерінде ұзақ уақыттан бері тұрақты түрде сынап келеді. 1991 жылы Калифорния Конгресінің мүшесі ретінде ол Бейжіңге барып, Тяньаньмэнь алаңына «Қытайда демократия жолында қайтыс болғандарды еске алу үшін» жазуы бар плакатпен көшеге шыққан болатын.

Ол Тайваньға соңғы 25 жыл ішінде келген жоғары шенді америкалық саясаткер атанып отыр. Бейжіңнің ескертулеріне және Президент Байденнің наразылығына қарамастан, ол өткен сейсенбі күні кешке Тайбэйге ұшып, ертеңінде, яғни сәрсенбі күні таңертең жергілікті Парламентке барды. Өз сөзінде ол Тайвань қоғамын «Әлемдегі ең еркін халықтың бірі» деп атады және қауіпсіздік пен экономика мәселелерін талқылау үшін Тайваньмен парламентаралық байланыстарды кеңейтуге шақырды.

Серіктес жаңалықтары