$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақмола облысында 3 ауылдың аты қазақшаланады

Аталған үш ауылда 1 мыңнан астам халық тұрады

Ақмола облысында 3 ауылдың аты қазақшаланады
24.kz

Ақмола облысына қарасты Сандықтау ауданындағы үш бірдей ауылдың атауы биыл қазақшаланады. Сөйтіп, Кеңес үкіметі кезіндегі ескі атаумен аталып келе жатқан елдімекендер жаңаша сипатқа ие болмақ. Бұл өзгерісті жергілікті тұрғындар толық қолдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Айта кетейік, аймақта алдағы жылдары 100-ден астам елді мекеннің атауы өзгереді деген жоспар бар. Аймаққа халқының ұйымшылдығы және береке-бірлігімен танымал Красная поляна ауылы биыл ақмолалықтарды тағы бір жағымды жаңалығымен қуантты. Олар қатар қонған үш ауылдың атауын қазақшаламақ. Жаңадан таңдалған атаулар да мағыналы әрі әдемі естіледі.

 «Красная поляна біздің орталығымыз әрі береке-бірлігіміздің нышаны болғандықтан біз оны Бірлік деп атауды жөн көрдік. Ал Петриковка – Тұмар, Арбузенка – Ақкент боп өзгереді. Барлығы да халықпен кеңесе отырып таңдалды. Бұл кезінде ата-бабаларымызды бауырына басқан қазақ халқына деген құрметіміз және отансүйгіштігіміздің белгісі деп білерсіздер», - дейді Бірлік ауылдық округінің әкімі Аңсар Ибаев.

Аталған үш ауылда 1 мыңнан астам халық тұрады. Олардың 99 проценті ингуштар мен шешендер. Ауылдықтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Мұнда 6 ірі серіктестік пен 40 шақты шаруа қожалығы бар. Бір сөзбен айтсақ, жұмыссыз жүрген адам жоқ. Ал Бірлік ауылдық округі ақсақалдар алқасы бар облыстағы саусақпен санарлық елді мекендердің бірі. Сондықтан мұнда қандай мәселе болмасын қариялардың қарауынан өтеді.

 «Ауылдың атауын өзгерту деген осыдан 30 жыл бұрын болуы тиіс шара еді. Бірақ сәті биылға келген екен. Әлі де кеш емес. Халықтың бәрі қолдап отыр. Біз бұл мәселені соңғы рет 2015 жылы бір көтергенбіз. Алайда атауларды ауыстыруға мораторий жарияланып, бастамамыз сол күйі қалып қойған болатын. Енді біздегі оң өзгерістер басқа ауылдарға да үлгі болса дейміз», - дейді Красная Поляна ауылының тұрғыны Магумад Умаров.

Жергілікті әкімдік ауылдардың атауын өзгертіп ғана қоймай, оларды ажарландыруға да мықтап кіріскен. Мәселен, өткен жылдары мұнда елді мекендердің жарық желісі жаңартылса, алдағы жылдары ауыз су құбыры тартылып, көшелер күрделі жөнделмек. Осылайша облыс орталығынан 150 шақырым жерде жатқан ауылдықтар ««Жаңа Қазақстанға»  толық дайынбыз» деп әзілдейді.

Серіктес жаңалықтары