Түркістан облысында жүрегіне ота жасалған 4 айлық сәбидің құлағы түсіп қалған

Azattyq Rýhy

Анасының айтуынша, жансақтау бөлімінде жатқан Айшаның басы күннен-күнге ісіп барады екен

Түркістан облысында жүрегіне ота жасалған 4 айлық сәбидің құлағы түсіп қалған
Фото ашық дереккөзден

Дүниеге келгеніне төрт-ақ ай болған Айша Өмірзақтың жүрегіндегі туа бітті ақауына ота жасалған соң, бірер күнде нәрестенің сол жақ беті қарайып, құлағы түсіп қалыпты. Шарасыз ана шаранасының осындай күйін көрген соң шырылдап жұрттан көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Перзентханадан бірден Түркістан облыстық балалар ауруханасына ауыр халде тасымалданған сәби аурудың үстіне ауру қосып алды деп ашынады. Дене бітімі балпанақтай балапанның бұндай жағдайға қалай түскенін анасы түсіне алар емес. Перзентханадан шыға сала ауруханаға қайта түстік деген Айшаның анасы Мадина Әбдірова нәрестесі құрсағында жатқан кезде-ақ дәрігерлер жүрегінде ақауы барын айтыпты. Сондықтан түсік жасатуға кеңес берген екен. Бірақ анасы табандылық танытып, ақыры босануға бел буған. Айтуынша, 3 жарым келіден астам салмақта балпанақтай қызды дүниеге әкелген. Бірақ перзентханадан шыға сала ауруханаға жатқан. Дәрігерлер шарананың жүрегіне ауыр ота жасап, оны ойдағыдай өткерді. Алайда отадан соң дәрі құюда қателік кетті ме, әйтеуір, сол жақ беті қарайып, құлағы түсіп қалған деп күйінеді.

 «Бір күні жайлап құлағын ашып қарасам, құлағы қап-қара боп тұр. Күйіп, жоқ боп кеткен мына құлақ. Ағаш құсап қалған ғой. Үгітіліп тұр. Жан жоқ. Мына құлаққа не боп жатыр десем олар менің өзіме жауып жатыр ғой. Жүректен дейді. Жүрекке системаларды құю үшін катетер қоямыз деген. Біз аман алып қалу үшін осылай істеуге мәжбүр болдық дейді», - деп отыр сәбидің анасы Мадина Әбдірова.

Анасының айтуынша, қазір жансақтау бөлімінде жатқан Айшаның басы да күннен-күнге ісіп барады екен. Ауыр халдегі нәрестенің беті бері қарар емес. Сондықтан Алматы немесе Елордадағы дәрігерлерге қаратқысы келеді. Ал жергілікті ауруханадағы ақ халаттылар сегіз сағат тік тұрып, нәрестенің туа бітті ақауы бар жүрегіне күрделі ота жасағанымызбен сәбидің қан тамырлары жүйесінде ақауы жағдайды ауырлатты деп отыр. Қан дұрыс тарамаған аумақ жансызданып қалған дейді ақ халаттылар.

«Балада жүйелі тамырларының ақауы болғандықтан ол ишемияға алып келген. Содан құлақ аймағы қарайып отыр. Бірақ бұл жерге ешқандай катетер қойылған жоқ. Және миға ешқандай дәрі енгізілген жоқ. Сондықтан бұл күю емес, ишемия. Яғни, қанның ол жерде жүрмеуі», - дейді Түркістан облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Алмат Байсалов.

 Дәрігерлердің айтуынша, жүрек және қан тамырында ақауы бар науқастар сирек кездеседі екен. Сондықтан бұған қазақстандық мамандар былай тұрсын, тіпті израильдік дәрігерлермен теле медицина арқылы байланысып, науқасты о бастан бақылауымызға алғанбыз дейді. Ал жасанды тыныс алу тетігімен жатқан нәрестені Алматы мен Елордаға тасымалдау мүмкін емес. Ауыр сырқаты бар сәбиге қолдан келген көмектен аянып қалып жатқан жоқпыз деп ағынан жарылды ақ халаттылар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.