1-сыныпқа баратын балалардың 70%-дан астамы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған
Бүгін 1-сыныпқа құжат қабылдау аяқталды
1-сыныпқа баратын балалардың 70%-дан астамы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Бұл туралы Azattyq Ruhy ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда балаларды 1-сыныпқа қабылдау науқаны аяқталды. Құжаттарды қабылдау толық 4 айға, яғни 1 сәуірден 1 тамызға дейін созылды. Осы уақыт ішінде қазақстандықтар шамамен 400 мың өтініш беріп үлгерді. Балалардың 70%-дан астамы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған.
Министрліктің мәліметінше, өтініштердің 80%-ы электронды форматта берілген.
«Бірінші сынып оқушыларының басым бөлігі Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Балаларды қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қамтудың жоғары көрсеткіші Қызылорда (89,6%), Ұлытау (86,6%), Маңғыстау (86,2%), Жамбыл (80,4%) облыстарында тіркелді», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова.