Түркістан облысында деструктивті діни ағым жақтаушысынан есірткі тәркіленді
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында деструктивті діни ағым жақтаушысынан есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҰҚКД-мен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, есірткі заттарын сатады деген күдікпен ер адамды ұстады. Ол деструктивті діни ағымның жақтаушысы ретінде тіркелген Кентау қаласының тұрғыны болып шықты.
Жедел уәкілдер күдіктінің тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізіп, оның үйінің ауласынан биіктігі 30-40 см болатын есірткі затына ұқсас 17 түп өсімдікті тауып, тәркіледі.
Сараптама қорытындысына сәйкес, айғақты зат ретінде алынған түптер құрамында есірткісі бар «сора» болып шықты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігі «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркелді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.