Маңғыстау облысында жол апатынан 4 адам қайтыс болды
Тергеу жұмыстары жүргізілуде
Маңғыстау облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты. Жол-көлік оқиғасы 28 шілдеде «Ақтау-Бейнеу» республикалық маңызы бар тасжолының 325-ші шақырымында болды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің мәліметінше, Lada Priora автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Онда Mercedes Benz S-320 автокөлігімен соқтығысқан.
«Салдарынан екі көліктің де жүргізуші, Lada Priora автокөлігінде болған екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі жолаушы зардап шекті. Олар жақын маңдағы аудандық ауруханаға жатқызылды», - делінген хабарламада.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша Маңғыстау ауданының полиция бөлімшесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу жүргізіліп жатыр.