ШҚО-да медициналық қалдықтарды утилизациялауды заңсыз жүргізгендер анықталды
Мұндай қалдықтар инфекция көзіне айналуы әбден мүмкін
Шығыс Қазақстан облысында медициналық қалдықтарды жоюда заңсыздыққа жол берген компанияларға қатысты фактілерді полиция тексеріп жатыр. Бұл туралы ШҚО Экология департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, медициналық қалдықтарды утилизациялауды заңсыз жүргізгендер анықталды. Ал талапқа сәйкес жойылмаған мұндай қалдықтар инфекция көзіне айналуы әбден мүмкін.
«Медициналық қалдықтарды арнайы ұйымдар утилизациялау керек. Өңір бойынша осындай қызмет көрсететін кәсіпорындар бар. Алайда кейбір компаниялар ақша үнемдеу үшін оларға емес, медициналық қалдықтарды шығаратын арнайы қондырғылары жоқ кәсіпорындарға жүгініп жатыр. Қалдықтарды кәдімгі қоқыс ретінде өртеп жіберу фактілері де анықталды», - дейді департамент басшысы Данияр Әлиев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта барлық материалдар тергеу амалдары жүргізілуі үшін полицияға тапсырылған.