БҚО-да көлік иелері ерекше нөмірлер үшін 73 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған
Орал қаласында ерекше нөмірлерді 277 адам сатып алыпты
Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері көлік иелері ерекше нөмірлік белгілер алуға 73 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми мәліметке сүйенсек, 277 адам Орал қаласының мамандандырылған ХҚО-нда осыншама қаражатқа жоғары сұраныстағы нөмірлерді сатып алған. Мысалы, 25 жастағы жігіт үш бестіктен басталатын нөмірге 419 631 теңгесін қиған. Ол 5 саны сәттілік әкеледі деп сенеді.
Филиалдан түскен мәліметке қарағанда, көлікті рәсімдеу кезінде мамандандырылған бөлім қызметкерлері құны 2,8 АЕК немесе 8 576 теңге болатын қарапайым мемлекеттік нөмірлер тізімін ұсынады. Кәдімгі нөмірлік белгілермен қатар, сандар мен әріптердің әдемі комбинациясын сатып алуға болады. Құны да сәйкесінше жоғары: 57 АЕК (174 591 теңге) пен 285 АЕК (872 955 теңге) аралығында.
«Сонымен қатар, жоғары сұраныстағы нөмірлер қатарындағы сандар немесе әріптерді қолдана отырып, өз қалауындағы нөмірге Әкімшілік полиция басқармасына жолығу арқылы тапсырыс беруге болады. Мемлекеттік нөмірді басқа адамға сатуға немесе сыйлауға болмайды. Автокөлігін сатқан жағдайда нөмірді мамандандырылған ХҚО-нда 6 айға дейін уақытша сақтауға қалдыра алады», - делінген ведомство ұсынған хабарламада.